Атырауда тасқыннан кейін ірі қараны қотыр басты

Ақпан 22, 2025 - 15:18
Атырауда тасқыннан кейін ірі қараны қотыр басты

Шаруалардың айтуынша, бұған тасқыннан кейін каналдарға судың келмеуі себеп болған. Төрт түлік күзден бері арналардағы қалдық суды ішіп, соның салдарынан ауруға ұшыраған. Алайда жергілікті ветеринарлар бұл қауіпті кесел еместігін айтады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Атырау маңындағы шаруа қожалықтары тасқын судың зардабын әлі тартып келеді. Арналарға келетін су жолдары аршылмағандықтан, малшылар былтырғы жаздан бері борсыған суды пайдалануға мәжбүр.

«Бағып отырған малымызды қотыр басты. Бұған каналға судың айдалмауы себеп деп ойлаймыз. Қазір арна табанындағы су шіріп, сасып кеткен. Амалсыздан сонымен суарып отырмыз», – деді шаруа Нұрбек Есенқұлов.

Шаруалардың айтуынша, қотыр ауруы өткен күзде басталған. Шаруа қожалықтары өз бетінше екпе салып, ем-дом жасағанымен, нәтиже шықпаған.

«Малдың мойнынан бастап құйрығына дейін қотыр. Бұл тасқын судың кесірінен болды. Басқа неден болсын? Жылда мұндай жағдай болған жоқ», – деді Қалыбай Молдырахманов.

Атырау облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілі Нүркен Баяров бұл аурудың аса қауіптілер қатарына жатпайтынын, сондықтан емдеу шығындарын мал иелері өздері көтеруі тиіс екенін мәлімдеді.

Ал су арналарына жауапты мекеме өкілдері бұл мәселеге қатысты ешқандай арыз-шағым түспегенін айтады.

«Көктемде сорғышпен су қосылды, кейін өр суы келді. Тамызға дейін жеткілікті мөлшерде су берілді. Одан кейін бөгет жабылып, сусорғышпен мұз қатқанша су айдалды. Егер ауру шыққан болса, бізге ресми шағым түсуі керек еді», – деп жауап берді «Табиғат» КМК директоры Асыланбек Рысжанов.

Сала мамандары судың енді сәуір айында ғана жіберілетінін айтты. Ал 30 жылдан бері бітеліп қалған каналдарды тазарту жұмыстары тек биыл ғана қолға алынған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow