Айыпталушылар өздерін емес, Шерзаттың әкесін күдікті деп тануды сұрады

Мен өзімді қоғамға қауіпті тұлға деп есептемеймін. Керісінше, сол түні тек ағайындық сезіммен бардым. Бұл жағдай мен үшін өмірдегі үлкен сабақ болды.

Маусым 3, 2025 - 12:40
Айыпталушылар өздерін емес, Шерзаттың әкесін күдікті деп тануды сұрады
orda.kz

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.

Сот отырысының жарыссөз кезеңінде сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев өз ойын айтты. Ол соңғы сөзінде Шерзат Полаттың өліміне Қаржаубай Нұрымовты күдікті деп тануды өтінді.

"Мен істеген әрекеттеріме байланысты өз кінәмді жартылай мойындадым. Мен өзімді ақтауға тырыспаймын. Оқиға болған түні ешқандай қылмыс жасау ойымен шыққан жоқпын. Маған досым Дархан Әскентай хабарласып, өзін ұрып кеткеннен кейін көмек сұрады. Мен тек досымның жағдайын анықтау үшін бардым. Менің оқиға болатын түні алдын ала адамдар тобын құрып, сөз байласып, төбелес шығару ниетім болған жоқ. Керісінше жәбірленуші Нұрымовты сабырға шақырып, мәселені жанжалсыз шешуге тырысып жүрдім және «хуторский», «денсаулықты қойып тастайсың» деген әңгіме болған емес. Егерде мен ондай әңгіме айтқан болсам, Нұрымов маған жүгіретін еді ғой. Ал ол болса, керісінше көліктің жанында тыныш тұрған Дархан Әскентайға пышақ алып жүгірді. Ғайыпбаев бізге мылтықты атқаннан кейін екі рет тептім, сол үшін кешірім сұраймын. Маған прокурор ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен айып тағып отыр, мен ол айыппен келіспеймін. Сонымен қатар Шерзат Полаттың өліміне Қаржаубай Нұрымовты күдікті деп танып, оған қатысты қылмыстық іс қозғауларыңызды сұраймын. Мен үйленгенмін және бұрын сотталмағанмын. Тұрақты жұмыс істейтін орным бар. Менің түзелуге мүмкіндігім бар, мен қоғамға қайта оралып, заңды өмір сүруге дайынмын. Құрметті сот, істеген әрекетім үшін жауапкершілігімді түсініп, сізден қатаң жаза емес, жеңіл жаза қолдануыңызды сұраймын. Мен үшін бұл өмірлік сабақ болды", - деді ол.

Нұрбол Тоқтаубаевтан кейін оның інісі Азамат Тоқтаубаев сөз сөйледі. Ол бұл оқиғадан кейінгі ішкі арпалысы кез келген жазадан ауыр екенін айтты.

"Мен бұл оқиғаға дейін де, кейін де ешкімге қасақана зиян келтіруді мақсат еткен жоқпын. Оқиға болған түні қылмыс жасау ниетіммен шыққан жоқпын. Маған туған ағам Нұрбол хабарласқаннан кейін бардым. Құрметті сот, ешқандай пышақ ұстамадым, ешкімге қасақана күш қолданған жоқпын, ешкімге пышақ сілтеген жоқпын. Мен топпен келгендердің бірі болсам да, қолымда пышақ болған жоқ. Нақты күш қолдану әрекетіне қатыспаған тұлғамын. Бірақ сол жерде жүргенім үшін бүгін де толық жауапқа тартылып отырмын. Мен өзімді қоғамға қауіпті тұлға деп есептемеймін. Керісінше, сол түні тек ағайындық сезіммен бардым. Бұл жағдай мен үшін өмірдегі үлкен сабақ болды. Менің осы оқиғадан кейінгі ішкі арпалысым кез келген жазаға қарағанда ауыр. Мен жақсылықты қалаймын, бірақ бір сәттік әлсіздікпен қателікке бой алдыруым, бұл — сол оқиға күні сол жерде болуым", - деді Азамат Тоқтаубаев.

Сонымен қатар сотталушы өзінің отбасылық жағдайы туралы айтып, соттан әділдік сұрады.

"Құрметті сот, менің отбасым бар, 1 жасқа толмаған балам бар. Қазіргі таңда әйелім бала тәрбиесімен үйде отыр. Мен отбасылық жағдайымда жалғыз асыраушымын. Осы сот процесінде мен істеген қателігімді іштей 100 рет мойындадым. Бүгінгі таңда сол жаққа барғаным үшін шын жүректен өкінемін. Құрметті сот, сізден әділдік сұраймын. Жазадан жалтару үшін емес, ақиқат, заң үшін", - деді Азамат Тоқтаубаев.

Еске салайық, кеше прокурор 7-23 жыл арасында жаза сұрады.

Дереккөз: Қазақпарат

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow