Белгілі әнші Гүлзира Бөкейхан дүниеден өтті
Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден озды. Суыт хабарды Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы жеткізді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Қауымдастық марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша қазақ еліне қайғыра көңіл айтты.
«Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханның дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық», – делінген хабарламада.
Онда Гүлзира Бөкейханның шет елде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей жан екені атап өтіледі. Ол Қытайда туып-өскен қазақтар арасынан алғаш болып елге танылған өнер жұлдызына айналып, халқымыздың мәдени мұрасын жаңа белеске көтерген.
Сондай-ақ марқұмның асқақ үні, сахнадағы дара болмысы, ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілігі халық жадында мәңгі сақталатыны айтылған.
Гүлзира ханым Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған көптеген игі шараларға әрдайым қолдау көрсетіп, шетелдерге жасалған сапарларда бірге болып, қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытуға сүбелі үлес қосты.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0