Ғалымжан Жақиянов Назарбаевтың үстінен Нью-Йорк сотына шағым түсірді

Ол Нью-Йорк сотына әрбір сөзін растайтын құжат жолдаған. Бұл кейс біз үшін дүние мүлкімізді қайтару ғана емес, сонымен бірге Назарбаев режимінің саяси мұрасымен күрестің нақты символы болмақ. Сот арқылы әділет орнатуға біз дайынбыз.

Маусым 12, 2024 - 10:49
Маусым 12, 2024 - 10:51
Ғалымжан Жақиянов Назарбаевтың үстінен Нью-Йорк сотына шағым түсірді

Саясаткер Ғалымжан Жақиянов Назарбаевты Нью-Йорк сотына берді. Нақты айтар болсақ, сотқа жолдаған арызында ол миллионер Эдуард Огайдың Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Семейдегі «Қаражыра» кенішін тартып алғанын айтқан, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Ғалымжан Жақияновтың өзі хабарлады. Айтуынша, бұл әрекеттің артында Нұрсұлтан Назарбаев тұрған. Сондай-ақ ол Нью-Йорк сотына әрбір сөзін растайтын құжат жолдағанын айтады. Бұл кейс біз үшін дүние мүлкімізді қайтару ғана емес, сонымен бірге Назарбаев режимінің саяси мұрасымен күрестің нақты символы болмақ. Сот арқылы әділет орнатуға біз дайынбыз дейді ол.

«Соңғы күндері БАҚ өкілдері хабарласып, АҚШ-тың Нью-Йорк штаты Жоғарғы сотында қаралып жатқан іс бойынша пікір білдіруімді сұрап жатыр. Осыған байланысты мынадай мәлімдемемді жасаймын:

Расында, Нью-Йорк штаты заңдарын негізге ала отырып, Нұрбике Зарубекова екеуіміз Эдуард Огайға, оның жұбайына және бірқатар заңды тұлғаларға қарсы «Жауапкерлердің басқаның мүлкін заңсыз иелену және Талапкерлердің мүлкін алаяқтық жолмен беру арқылы негізсіз баю нәтижесінде келтірілген залалды өтеуді талап етіп», сотқа шағым түсірдік. Нақты айтқанда, мәселе Семей облысындағы (қазіргі Абай облысы) Қаражыра көмір кен орнын игеруші, маған және басқа да акционерлерге тиесілі компанияның мүлкі турасында.
Оқиға 2002 жылдан бастау алады. Яғни, саяси реформаларды талап еткен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшысы және жетекшісі болғаным үшін қамалып, 7 жылға бас бостандығымнан айырылған кезімнен басталады. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитар режимі саяси қудалаумен қатар «Семей Көмір» компаниясына және оның акционерлері мен басшылығына қарсы шабуылға жол ашқан. Нәтижесінде біздің заңды мүлкіміз Огайдың отбасы мен экс-президенттің маңайындағы өзге адамдардың қолына түсті.

Біздің пікірімізше, мүлкімізді тартып алуды және одан түскен кірісті заңдастыру операциясын (Нью-Йорк пен Калифорниядағы зәулім үйлерді сатып алумен қоса) ұйымдастырған – Огай. Оған Владимир Жұманбаев және басқа да «Қазақмыс» топтастығына жататындар, соның ішінде Назарбаевтың «оң қолы» Владимир Ни көмектесті деп есептейміз. Кезінде бұрынғы президенттің жақындары иеленген ел байлығының едәуір бөлігі әлі де осы кланның қолында шоғырланған.

Енді осы қастандықтың мән-жайы, құжаттар мен куәлардың айғақтары белгілі болған соң, әділеттікке қол жеткізуге бел байладым.

Біздің мүддемізді америкалық Pierson Ferdinand LLP заң фирмасы қорғайды. Олардың кеңесі бойынша, жүріп жатқан процесс туралы ашып айтып бере алмаймын. Сондай-ақ біздің талаптарымыздың мәні арызымызда жеткілікті түрде баяндалған деп есептеймін», - деп жазған ол өзінің facebook пaрaқшaсындa. 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow