«Қайрат» -«Реал Мадрид» матчы: Министр пікір білдірді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлем назарын аударған Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол матчына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
— Қазір бар назарды чемпиондар лигасының өз алаңымызда өтетін матчқа дайындыққа аударып отырмыз. Алматыдағы стадион УЕФА-ның төртінші санаттағы аренасы, стандарттарға сәйкес келеді, ойынды сонда өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Ербол Мырзабосынов Парламенттің бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, аталған стадионда бұған дейін де жоғары деңгейдегі іс-шаралар өткізілген.
— Солардың аясында дайын екенімізді, инфрақұрылымның ауқымды іс-шараны өткізуге әзір екенін көрдік. «Реалмен» өтетін матчқа УЕФА квотасына сәйкес шамамен 4–5 мың турист келеді деп жоспарланып отыр, — дейді ол.
Сондай-ақ ведомство басшысы матч билетінің құнына қатысты ойын ортаға салды.
— Қазір билет бағасына қатысты нақты ақпарат жоқ, бұл бағытта клуб УЕФА-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Барлық ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланады. Бұл клуб пен УЕФА арасындағы келісім, мемлекеттің араласуға құқығы жоқ, — деп қысқа қайырды Туризм және спорт министрі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






