«Кемі 35 миллион теңге пайда көреді»: Журналист Қытайға сәби сататын компаниялардың былығын ашты

Желтоқсан 5, 2025 - 15:20
Желтоқсан 5, 2025 - 16:02
 0  38
«Кемі 35 миллион теңге пайда көреді»: Журналист Қытайға сәби сататын компаниялардың былығын ашты
Фото: Pixabay.com

Журналист Қалиакбар Үсемханұлы Қытайдың Қазақстанды репродуктивтік бизнес көзіне айналдырып отырғанын айтып, пост жариялады. Айтуынша, қытайлық компаниялар құрсақ аналар арқылы Қазақстанда бала таптырып, Қытайға жөнелтудің жолын тауып алған. Осылайша олар әр баладан кемі 35 миллион теңге таза пайда тауып отыр, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Журналист Қытайға сәби жөнелту фактілері бойынша өз бетінше зерттеу жасап көрген. Әлеуметтік желілерден де дерек іздеп отырып,  сұмдық жайттардың бетін ашқан. 

«Бүгін таңертең ояна салысымен әлеуметтік желілерім маған осы тақырыпқа қатысты түрлі мазмұндар ұсыныпты. Соның ішінде ерекше назарымды аударатын бір жарнама шықты: Қытай тілінде “Орталық Азияға барып балалы болғың келсе” деген ұсыныс. Сілтемені ашып, олармен сөйлесіп көрдім. Алдымен WhatsApp арқылы, кейін WeChat-та байланыс орнаттық.

Мен оларға: «Жалғызбасты ер адаммын, қалай балалы бола аламын?» - деп сұрадым. Олар еш қиналмастан түсіндіре бастады.
Айтқандары қысқаша былай:
Егер ұл бала керек болса, 645 000 юань (шамамен 47 млн теңге) төлейсіз.
«Біз балалы болуыңызға кепілдік береміз», - дейді.
Егер аталық ұрық әлсіз болса, алдын ала тексеріп, эмбриондарды сұрыптайды. «Ұл эмбрион аз болса, қыз саламыз» дейді.

Мен: «Маған тек ұл керек» дегенде, «Онда 780 000 юань (шамамен 57 млн теңге) төлейсіз, сонда 100% ұл балалы боласыз», - деді.
Мен оларға: «Менің әйелім жоқ қой, ананың ұрығын қайдан аласыздар?» десем,  «Оны Қырғызстаннан табамыз. Құрсақ ананы да Қырғызстаннан табамыз. Біз Қырғызстандағы “Достық” емханасымен байланыстамыз», - деді.

«Қазақстанда жасата алмаймын ба?» - деп сұрадым.

«Қазақстанда заң қатаң, тек ресми ерлі-зайыптылар ғана суррогат ананы пайдалана алады. Ал Қырғызстанда бәрі заңды: жалғызбасты ер не әйел болсын - балалы бола алады», - деді.

Келісім тәртібі былай екен:

Алдымен Қытайдың ішкі бөлігіндегі Күмін (昆明) қаласына барып, келісімшартқа отырасыз.
Ақшаны 10 бөліп төлеуге болады.

Егер процесс сәтсіз болса, қаржыны «қайтарып береміз» дейді.
Қырғызстанға екі рет бару керек: сперма тапсыру және баланы алып қайту үшін.(Бұл қаражаттарды тапсырыс беруші өзі төлейді)
Бала туған соң Қытайға әкеліп, ДНҚ тапсырып, әкелік расталғаннан кейін азаматтық рәсімдей аласыз.

Осы айтылған ақпараттарға қарағанда, Орталық Азия Қытайдағы репродуктивтік бизнесте үлкен нарыққа айналғаны байқалады.
Ең сорақысы - біздің қыз-келіншектер суррогат ана болу үшін 5-7 миллион теңге алса, қытайлық компаниялар бір бала үшін он-он бес есе көп пайда табады.

Мысалы:
Клиенттен 47 млн теңге алады.
Оның 7 миллионын суррогат анаға береді.
2–3 миллионын емханаға, құжатқа жұмсайды.
Қалған 35 миллион теңге - таза пайда!
Мен тек бір компаниямен сөйлестім. Ал Қытайда бұндай фирмалар қаншама?!

Қазақстан билігі бұл мәселеге ерекше назар аударуы тиіс.

Ал Қырғызстандағы ағайындар көріп отырса, өз елдеріндегі заңдық олқылықтарды талқылап, аталған «Достық» емханасының кіммен, қалай жұмыс істеп жатқанын тексергені жөн. Өйткені қытайлық компаниялар дәл осы емхананы ресми «серіктесіміз» деп көрсетіп отыр.
Сөзіме дәлел үшін сөйлесу жазбасын ұсындым.

Адам саудасына қарсы тұрайық!!!!», - деп жазған журналист өзiнiң facebook пaрaқшaсындa.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0