«Лә иләһа иллә Алла» деп қайталаймыз»: Бизнес-коуч студенттерге кәлимә дұғасын хормен айтқызған

Ақпан 28, 2025 - 11:45
Ақпан 28, 2025 - 11:50
«Лә иләһа иллә Алла» деп қайталаймыз»: Бизнес-коуч студенттерге кәлимә дұғасын хормен айтқызған

Алматыдағы Нархоз университетінде студенттерге әндетіп кәлимә дұғасын айтқызған бизнес-тренердің басы дауға қалды.  Оқытушы, бизнес-жаттықтырушы Aika Alemi практикалық сабақ кезінде «Лә иләһа иллә Алла» деген тіркеспен музыка қойып, қатысушыларға өз дауыстарын есту үшін оны қайталауды ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жеке брендті дамыту тақырыбында лекция өткізуге келген коучтың бұл әрекетін студенттердің бірі оқиғаны видеоға түсіріп алған.

«Қазір мен «Лә иләһа иллә Алла» деп аталатын трек қосамын. Сосын бәріміз көзілдірігімізді, бас киімімізді шешіп қоямыз, көзімізді жұмамыз, қолымызды тіземізге қойып, «Лә иләһа иллә Алла» деп қайталаймыз. Сіздер жоғары күшпен осылай байланысасыздар. Қане, әндетеміз», - дейді бизнес-тренер.

Студенттің «Егер мұсылман болмасам ше?» деген сұрағына «мұның дінге қтысы жоқ, жай ғана жаттығу» деп түсіндіреді лектор.

Нархоз университеті Aika Alemi-нің қонақ дəрісіне байланысты түсініктеме беріп, кешірім сұраған.

«Университет бұл іс-шараның кейбір қатысушылар арасында теріс пікір тудырғанына өкініш білдіреді жəне шынайы кешірім сұрайды. Біз студенттердің пікірін жоғары бағалаймыз жəне олардың белсенді азаматтық ұстанымы мен кері байланысы үшін алғысымызды білдіреміз. Университет əкімшілігі жағдайды жан-жақты сараптап, мұндай оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін тиісті шараларды қабылдады. Бастапқыда спикердің мəлімделген тақырыбы «Жеке брендті нөлден қалыптастыру» деп көрсетілген еді. Алайда, қонақ дəріс барысында айтылған кейбір пікірлер мен қолданылған əдістер бұл тақырыпқа толық сəйкес келмеді. 2025 жылғы 3 наурызда Гуманитарлық мектептің директоры мен оқытушылары студенттермен арнайы кездесу өткізіп, іс-шараға қатысушылардан ресми түрде кешірім сұрайды. Сонымен қатар, университет қонақ дəрістерін өткізу тəртібіне қосымша өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр», - дейді университет әкімшілігі.

Бизнес-тренер кейін өзінің әрекеті үшін студенттерден кешірім сұраған.

«Егер менің кейбір сөздерім, əдістерім немесе əрекеттерім университет қабырғасында орынсыз болып, студенттердің жайлылығына əсер етіп, біреудің сезіміне қаяу түсірген болса, шын жүректен кешірім сұраймын», - деген ол.

Aika Alemi өзінің желідегі парақшасында әртүрлі діннің әндерін тыңдап, медитация жасайтынын жазған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow