«Ойбайлап жүгірдім»: Түркістан облысында бір үйдің екі баласы суға батып кетті
Түркістан облысында дәл балаларды қорғау күні қарсаңында ағайындылар суға ағып кетті, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
8 жастағы Юсуфахмет пен 13 жастағы Диасты құтқарушылар тәулік бойы іздеген. Ақыры бірінің мәйіті ауыл маңынан, екіншісінің денесі 1 шақырымдай қашықтан табылды. Нәпақа табу үшін таңғы бесте жұмысқа кеткен ана перзенттерінен көз жазып қалғанына әлі де сене алар емес.
Қос құлынынан бір күнде айрылған Айгүл Тамашеваның зары өзекті өртейді. Онсыз да жүрегі ауыратын жеті баланың анасы қаралы оқиға болар күні жұмысқа таң атпай кеткен көрінеді. Артынша балалардың әкесі де жұмысқа кеткен. Балаларға бас-көз болып әдеттегідей үйдің үлкен қызы қалған. Оның өзі жұмыстағы анасына дәрі апарып беруге шыққанда, Юсуфахмет пен Диас каналға қашып барған дейді қаралы отбасы.
"Мен бір ұлым деп ойладым. Жұмыстан жүгіріп келіп, каналдың жанында ойбайлап жүгіріп жүр едім. Әкімшіліктен Дәурен деген бала келіп, сабыр етіңіз дегенде алтыншы балам Юсуфахметтен де айрылып қалдық деді. Ағасы інісін құтқарамын деген ғой. Інісінің мойнына құшақтап алып, сол күйі кетіп қалған. Содан міне, кеше інісін тапты. Кеше сол күні ағасын тапты. Менің талабым қоршасын, жапсын каналды", – дейді балалардың анасы Айгүл Тамашева.
Қайғылы жағдай Келес ауданындағы Ошақты каналында болған. Еске салсақ, аумақта шомылу мауысымы басталмай жатып-ақ 8 жастағы Жаннұр Тұрсынбек те өзенге ағып кеткен еді. Өкініштісі сол арада екі ай өтсе де балақай сол күйі табылмады. Ауыл тұрғындары болса өзен аумағын қоршамай балалар өлімі тыйылмайды деп отыр.
"Келес жағасын жауып берсінші бізге. Неге десеңіз анау платинадан осы жаққа дейін неше бала ақты. Менің балаларымнан бұрын да аққан. Менің баламнан кейін мына кеше мына екі бала кетті. Одан бұрын тағы бір бала кетті. Біздің өтінішіміз Келес жағасын жауып берсін. Одан су қатты ағады. Әшейін шықса да балалар біреу итеріп жіберуі мүмкін. Менің 13 жасар қызым мен 1 жасар балам канал жағасына шыққан кезде ағып кеткен еді", – дейді Келес ауданының тұрғыны Мария Шалабекова.
Ал Келес ауданының әкімдігі канал аумағын қоршау қайғылы оқиғаға дейін де жоспарланғанын айтады.
"Ошақты каналының қауіпті учаскелерін қоршау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында қолға алынған. Қазір Келес қызметтік комуналдық мекемесімен шығыс мөлтек ауданының ауыл билерімен бірлесе отырып, алынған қоршауларды арнайы белгіленген орынға жинақтау жұмыстарын атқарудамыз", – дейді Абай ауылының әкімі Асылбек Жұманов.
Хамитовтер отбасы суға кеткен қос перзентін ақтық сапарға шығарып салды. Балақайлар 2 және 6 сыныпты аяқтап жазғы демалысқа енді ғана шыққан екен. Аптап ыстықта каналға түсем деп, ағыспен кеткен ағайындылар бірін-бірі құтқармақ болған. Өкініштісі сол маңайда екеуінен басқа ешкім болмаған дейді аналары.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0