Алматыда бес адам қаза тапқан үйдің иесі күдікті әйел туралы айтты
Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін. Қуаныш Кеңес әйелдің бұған дейін де үйді өртеуге әрекет жасағанын мәлімдеді.
Алматыда бес адам қаза тапқан өртке қатысты үй иесі өз болжамын айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оның сөзінше, қайғылы оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін. Қуаныш Кеңес әйелдің бұған дейін де үйді өртеуге әрекет жасағанын мәлімдеді. Қайғылы оқиға болған түні әйел бетперде, көзілдірік тағып, сөмкемен келген.
"Бұл – 100 пайыз қасақана қойылған өрт. Себебі бізде бөлмелерді жалға беретін адамдармен байланыс бар. Олар да сол әйелдің дәл осы киіммен, бетперде, көзілдірік және сөмкемен келгенін растады. Мұның бәрін растайтын куәгерлер де бар. Кейбіреулер камерадағы жазбалар жанама дәлел дейді. Бірақ бұл олай емес. Себебі оны қолынан ұстап алған адам бар. Ол негізгі кіреберіс арқылы ішке кіріп, жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған. Содан кейін қайтадан сол есіктен шығып, үйдің негізгі кіреберісін жауып кеткен. Мұндағы тұрғындардың сыртқа шыға алмауын көздеген болуы мүмкін", – деді үй иесі.
Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке үйден өрт шығып, бес адам қаза тапты. Олардың арасында бала да бар. Өртке қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы әйел ұсталды. Қазір оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.