Елімізде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр

20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.

Қараша 29, 2026 - 11:52
 0  0
Елімізде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр

Бүгін Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Саяси науқанға 10 мыңнан астам үміткер қатысып жатыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Бұл жолы аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары сайланады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 3 447 депутаттық орынға 10 971 үміткер тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізімге енген, ал 9 752-сі бірмандатты округтер бойынша үміткер. Әрбір мандат үшін орта есеппен үш адамнан бақ сынайды.

20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады. Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл.

Биыл сайлау науқанына 7 саяси партия жіберілді. Олардың қатарында «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы мен Respublica партиясы бар.

Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00–ден кешкі 20:00–ге дейін жұмыс істейді. Республика бойынша 10 338 учаске ұйымдастырылған. Оның 9 782-сі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, 556-сы ауруханалар мен әскери бөлімдер секілді орындарда орналасқан. Сонымен қатар 101 сайлау учаскесінде дауыс беру заңда көзделген тәртіппен таңғы сағат 06:00–де басталды.

ОСК дерегінше, сайлаушылар тізіміне 12 679 459 адам енгізілген. Дауыс беру үшін жеке басты куәландыратын құжат қажет.

Сайлау күніне дейін gov.kz платформасында сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын білуге мүмкіндік беретін үш онлайн-сервис іске қосылды. Учаскені eGov Mobile қосымшасы арқылы да білуге болады.

Бұған қоса азаматтарға сайлауға қатысуға шақыратын SMS-хабарламалар, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы сайлау учаскесін іздеу сервисінің сілтемесі көрсетілген push-хабарламалар жіберілген.

Астана және республикалық маңызы бар қалалар мен облыс мәслихаттарын сайлау үшін екі түсті бюллетень қолданылады. Көгілдір бюллетень партиялық тізім бойынша, ал жасыл бюллетень бірмандатты округтегі кандидатқа дауыс беруге арналған.

Облыстық маңызы бар қала мәслихатының депутатын сайлау үшін күлгін, ал аудандық мәслихаттың депутатын сайлау үшін қызғылт сары бюллетень беріледі.

ОСК мәліметінше, мәслихат депутаттары сайлауының қорытындысы дауыс беру күнінен кейін бес күннен кешіктірілмей анықталуы тиіс. Демек, 4 желтоқсанға дейін сайлау нәтижесі белгілі болады.

Автор
Шығарушы редактор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0