Тарихи келісім: IMMAF SportAccord ұйымындағы позициясын нығайтты

Қазақстан 11 жыл бойы Азияда жетекші орындарды иеленіп, әуесқой ММА бойынша әлемнің үздік үш елінің қатарына кірген.

Қараша 28, 2026 - 14:31
 0  4
Тарихи келісім: IMMAF SportAccord ұйымындағы позициясын нығайтты
Фото: istockphoto.com

Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясы (IMMAF) SportAccord ұйымына мүшелікке өту үшін қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалаудан сәтті өтті. Бұл – әуесқой ММА-ның халықаралық деңгейде мойындалуы мен әлемдік спорт жүйесіндегі позициясын нығайту жолындағы маңызды қадам, деп жазады Sadaq.kz Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.

IMMAF-тың тарихи жетістігі

2026 жылғы 19 қарашада SportAccord Атқарушы комитеті IMMAF ұйымының мүшелікке қойылатын барлық қолданыстағы талаптарға сәйкес келетінін растады және оның өтінімін AIMS Бас ассамблеясының қарауына жіберуді мақұлдады.

Бұл – әуесқой ММА-ны дамыту және оны халықаралық спорт жүйесіне интеграциялау бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесі.

IMMAF бас директоры Денсайн айтуынша, бұл ұйымның 15 жылдық тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі.

Келесі кезең 2027 жылға жоспарланған. Өтінім SportAccord конвенциясы аясында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін AIMS Бас ассамблеясында қаралады.

SportAccord тарапынан мойындалу ММА-ға не береді?

Сәйкестік бағалауынан сәтті өту IMMAF-тың халықаралық легитимділігін нығайтып, спорт түрін одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, бұл:

ММА-ның халықаралық мәртебесін нығайтуға; әлемдік спорт жүйесіне интеграциялануға;

ұлттық федерациялардың позициясын күшейтуге; көпсалалы спорттық жарыстарға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге;

Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) диалогты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, SportAccord тарапынан мойындалу ММА-ның Олимпиада бағдарламасына енгізілуіне кепілдік бермейтінін және ХОК тарапынан мойындалудың міндетті шарты болып саналмайтынын атап өткен жөн.

Ол үшін жеке рәсімдер қарастырылған. Олардың қатарында Олимпиадалық қозғалыс талаптарына сәйкестік, халықаралық федерацияны мойындау және спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдау бар.

IMMAF пен UWW арасындағы ынтымақтастық

Тағы бір маңызды оқиға – IMMAF пен Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling, UWW) арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы. 2026 жылғы қарашада Қазақстанда IMMAF президенті Керрит Браун мен UWW президенті Ненад Лалович аралас жекпе-жекті бірлесіп дамытуға бағытталған ниет туралы хатқа қол қойды.

Ұйымдар ынтымақтастықтың екі негізгі бағытын айқындады:

IMMAF тордағы әуесқой ММА-ны дамытуды жалғастырады.

UWW өзінің спорттық құрылымы аясында күрес кілеміндегі ММА бағытын дамытады.

Спортшылар екі бағыттың бірінде де, екеуінде де өнер көрсете алады. AIMS президенті Стефан Фокс SportAccord шешімін құптап, IMMAF басшылығы мен бүкіл спорт қауымдастығын осы жетістікпен құттықтады.

Қазақстан: халықаралық жетістіктер және аккредитациядан айырылу

Қалыптасқан жағдай Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Көптеген жылдар бойы еліміз әуесқой ММА бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарында болды.

Қазақстанның біріккен ММА федерациясы (KAZMMA) 2012 жылы жұмысын бастап, ел аумағында IMMAF-тың халықаралық бағытына өкілдік етті.

Федерацияның өз мәліметінше, 14 жыл ішінде 15 мыңнан астам спортшы мен 20 өңірлік өкілдікті біріктіретін ауқымды спорттық жүйе қалыптастырылған. Қазақстандық спортшылар әлем чемпионаттарында бірнеше рет чемпион және жүлдегер атанды.

KAZMMA өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстан 11 жыл бойы Азияда жетекші орындарды иеленіп, әуесқой ММА бойынша әлемнің үздік үш елінің қатарына кірген. Алайда, 2026 жылдың шілде айында ұйым мемлекеттік аккредитациясынан айырылды.

KAZMMA мәліметінше, 20 шілдеде оның аккредитациясы кері қайтарылып, ал 22 шілдеде ММА-ның татамидегі бағытын дамытатын басқа ұйым аккредитация алды. 

Осылайша, екіұдай жағдай қалыптасты: IMMAF SportAccord жүйесіндегі өз позициясын нығайтып жатқан кезде, Қазақстанда ұзақ жылдар бойы оның атынан өкілдік еткен федерация мемлекеттік аккредитациясынан айырылды.

Халықаралық қауымдастық қалыптасқан жағдайға назар аударды

KAZMMA мәліметінше, 20-дан астам мемлекеттің өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа федерация төңірегіндегі жағдайға назар аудару туралы өтінішпен жүгінген.

Ұйымның пікірінше, аккредитацияны қайтарып алу туралы шешім қабылдау кезінде оның әуесқой ММА-ны дамытуға қосқан көпжылдық үлесін, қазақстандық спортшылардың халықаралық жетістіктерін және шетелдік федерациялармен ынтымақтастығын ескеру қажет.

Мемлекеттік аккредитациясынан айырылғанына қарамастан, KAZMMA спортшылары жаттығуларын жалғастырып, IMMAF аясындағы халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның намысын қорғауда. Қалыптасқан жағдай мемлекеттік органдар тарапынан қосымша түсініктемелер мен барлық мүдделі тараптардың ресми пікірін талап етеді. Қазақстандағы ММА болашағы үшін бұл нені білдіреді?

IMMAF-тың халықаралық деңгейдегі ілгерілеуі ұлттық федерациялар, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазіргі уақытта Қазақстан үшін спорт саласындағы сабақтастықты, халықаралық байланыстарды және спортшылардың одан әрі дамуына қажетті жағдайларды сақтап қалу ерекше маңызды. SportAccord талаптарына сәйкестік бағалауынан сәтті өту IMMAF-тың 15 жылдық тарихындағы маңызды кезең болды. Алда 2027 жылы Бакуде өтетін AIMS Бас ассамблеясында өтінімді қарау және ММА-ны халықаралық әрі олимпиадалық деңгейде мойындату бағытындағы жұмысты жалғастыру міндеті тұр.

Алайда халықаралық жетістіктер аясында маңызды бір сұрақ ашық күйінде қалып отыр: халықаралық ММА бағытына ұзақ жылдар бойы өкілдік етіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген ұлттық федерация неліктен дәл осы спорт түрінің халықаралық мәртебесі нығайып жатқан кезеңде мемлекеттік аккредитациясынан айырылды?

Бұл сұрақтың жауабы тек KAZMMA үшін ғана емес, шешімдердің ашықтығына, спорт саласындағы сабақтастыққа және аралас жекпе-жектің одан әрі дамуына мүдделі бүкіл Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды.

Автор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0