Путин Зеленскиймен кездесуден бас тартты

Маусым 5, 2025 - 10:38
Маусым 5, 2025 - 11:39
Путин Зеленскиймен кездесуден бас тартты

Ресей президенті Владимир Путиннің Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездескісі келмейтіні белгілі болды. Путин Брянск және Курск облыстарындағы пойыз апатынан кейін Украина билігін бейбіт халыққа қасақана соққы жасады деп айыптады. Пойыз апаттарынан жеті адам қаза болған, 100-ден астам адам жарақаттанды.

"Брянск және Курск облыстарындағы темір жолдарды жару бұл террористік әрекет екені сөзсіз және осындай қылмыстарды жасау туралы шешім әрине, Украинада саяси деңгейде қабылданады" деді Путин сәрсенбі күні үкімет мүшелерінің отырысы кезінде.

Оның сөзінше, украин әскері "майданның барлық бөлігінде шегініп жатыр", ал Киев "террористік әрекеттерге көшкен".

"Осындай шақта олар атысты 30 немесе 60 күнге тоқтатқысы келеді, басшылармен кездесуді сұрайды, бірақ террор жасап жатқандармен не жөнінде сөйлесуге болады? Неліктен оларға үзіліс беру арқылы дем беруіміз керек?" деді ол.

Путин Украинаны келісуге ықылас танытпай отыр деп те айыптады. Ол Украина билігі өкілдерін "ешнәрсеге құзыреті ғана емес, қарапайым саяси мәдениеті де жоқ, келіссөз жүргізбек болғандарды қорлайтындар" деп сипаттады. Ол Зеленскийді "әбден шіріген жемқор режимнің басшысы" деп те атады.

Путиннің мәлімдемесі Зеленскийдің Стамбұлдағы келіссөзді жалғастырудан бас тартқан мәлімдемесінен кейін жарияланды. Зеленский Ресей жағы орындалмайтын талаптар қойғанын айтқан. Украина президентінің сөзінше, келіссөз жоғары деңгейде жалғасуы керек.

"Орыстарда таңдау бар: Стамбұл, Ватикан, Швейцария. Дүйсенбіден бастап кез келген күні кездесуді ұсынамыз" деді Украина президенті.

Сәрсенбі күні Путин келіссөзді жалғастырудан тіке бас тартқан жоқ. Ол соғысты реттеу мәселесін Қауіпсіздік кеңесінің алдағы отырысында талқылайтынын айтты.

Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow