Ресейдегі Wildberries қоймаларына шабуыл жасалды: қаза тапқандар бар
Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы екі логистикалық орталығына дрондармен шабуыл жасалып, салдарынан сегіз адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақат алды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Алғашқы шабуыл Тамбов облысының Котовск қаласындағы қоймаға жасалған. Түнгі ауысымда жұмыс істеген жеті қызметкер көз жұмып, тағы 25 адам жараланған. Кейін Мәскеу облысының Электросталь қаласындағы екінші қоймаға да соққы жасалып, 24 адам зардап шекті. Олардың бірі ауруханада қайтыс болды.
Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл жасалған логистикалық орталықтардың Ресейдің әскери өндірісіне қажетті санкциялық бөлшектер жеткізілетін нысандар болғанын мәлімдеді.
Оқиғадан кейін Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, компания зардап шеккендер мен олардың отбасыларына өтемақы төлейтінін хабарлады.
"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді", – деді ол.
Компания сондай-ақ шабуылдан зардап шеккен қоймалардағы тауарлар уақытша сатылымнан алынғанын, ал жеткізу бағыттары басқа логистикалық орталықтарға ауыстырылып жатқанын мәлімдеді.
Ал Ресейдің Тергеу комитеті аталған оқиға бойынша «террористік акт» бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0