«Шымкент әкімдігі жемқорлықты әшкерелеген ҰҚК офицерін соттатып жатыр» - журналист

Шымкент әкімдігіндегі жемқорлықты әшкерелеген ҰҚК-нің офицерін соттап жатыр
Бұған қандай топ мүдделі?
ҰҚК Шымкент қалалық департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің материалдарымен таныстым. Қазір іс сотта қаралып жатыр, бірақ онда М.Сарбасовтың кінәсін дәлелдейтін нақты факт жоқ. Ол 2023 жылдың күзінде жекеменшік екі колледждің және мектеп пен балабақшаның қожайыны болған Эльмира Дүйсенқызының арызы бойынша қамауға алынған. Алғашында М.Сарбасов Э.Дүйсенқызынан оның «Риана» атаулы жекеменшік мектебіндегі заңсыздықты бүркемелеп, «крыша» болғаны үшін 2019-2020 жылдары ай сайын пара алып тұрды (жалпы сомасы 60 млн)» деп айыпталған. Ол кезде Сарбасов қаладағы білім беру және медицина саласын сырттай қадағалайтын 10-басқарманы басқарыпты. Барлық айыптау Э.Дүйсенқызының жалаң сөзіне құрылған, ешбір жағдайда нақты күнін айтылмайды, «пәлен айда», «пәлен айдың басында бердім» дейді. Пара беру фактісі былай тұрсын, тіпті екеуінің кездескенін немесе телефонмен сөйлескенін дәлелдейтін фото немесе аудио-видео жоқ.
Өзін кәсіпкер санайтын Э.Дүйсенқызының бизнесі мынандай болған: жеке мектеп немесе колледж ашады, «мектепте пәлен баланы оқытып жатырмын» деп қалалық білім басқармасы арқылы бюджеттен қаржы алады. Мектеп оқушылары тізімінде болғанымен, шын мәнінде жүздеген бала «Рианада» оқымайды. Мұны орысша «мертвые души», ал Шымкентте жай ғана «ауа» деп атайды. Әрине, жекеменшік мектепте «ауа» оқушылардың бар екенін анықтау қалалық білім басқармасы үшін қиын емес. Мұны олар жақсы біледі. Жекеменшік мектепке бюджеттен қаржы бөлуді де әкімдікке бағынышты білім басқармасы құрған комиссия шешеді. Ал жергілікті ҰҚК қызметкерінің білім басқармасының шешіміне әсер етуі неғайбыл. Солай болса да Э.Дүйсенқызының «Риана» мектебінде болған былық-шылыққа, тіпті жыл сайын мектепте «ауа» оқушының көбеюіне ҰҚК қызметкері М.Сарбасовты айыптап отыр. Арызданушы Э.Дүйсенқызының айтуынша, оны М.Сарбасов қорқытып-үркітіп «Риана» мектебіндегі «ауа» қылмысқа мәжбүрлепті-мыс.
Эльмира Дүйсенқызының өмірбаянына қарасақ, ол ҰҚК қызметкерлерінен қорқатындай жағдай да болмаған. Оның күйеуі Ермек Арыстан оңтүстікте, атап айтқанда Шымкентте ҰҚК-нің облыстық департаментінде талай жыл жұмыс істеген, полковник шенін алған, кейін Астанадағы ҰҚК орталық аппаратындағы 3-департамент бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Ол 2019 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиетінің проректоры Қанат Байболовтың ұлын ҰҚК академиясына оқуға түсіріп берем деп әйелі Э.Дүйсенқызы арқылы 15 мың доллар алып, уәдесін орындай алмады. Осы қылымыстық іс бойынша 2021 жылы Е.Арыстан 6 жылға сотталды, ал оның әйелі Э.Дүйсенқызы 3 жыл шартты жаза алып құтылды.
Э.Дүйсенқызының 2000-жылдың ортасынан бастап жекеменшік колледж, мектеп ашып, оқушылар тізімінде «ауа» санын көбейтіп, оған бюджеттен қаржы алып «бизнес» жасап жүруі күйеуі Е.Арыстанның «арқасы» сияқты. Бұл кезде Манат Сарбасов ҰҚК академиясында оқып жүрген. Ол 2005 жылдың соңында ғана ҰҚК-не қатардағы қызметкер болып жұмысқа тұрды. Бұл кезеңде Е.Арыстанның шені де, қызметі де М.Сарбасовтан жоғары болатын.
Э.Дүйсенқызы «Риана» жекеменшік мектебі бойынша М.Сарбасовты айыптауы дәлелсіз болғандықтан ол бұған қосымша тағы бір арыз жазды. Арызында Э.Дүйсенқызы өзінің меншігіндегі «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжіне» «крыша» болғаны үшін 2007 жылдан бастап ай сайын М.Сарбасовтың ақша алып тұрғанын айтты. Сонда қалай болғаны, лауазымы жоғары ҰҚК офицерінің әйелін қатардағы «комитетчик» «счетчике» іліп қойған ба?!. Бұл мүмкін емес қой... Дегенмен, Э.Дүйсенқызының арызы бойынша, тіпті, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы территориялық-әкімшілік бөлініске түсті, колледж Түркістан облысы аумағында қалып қойғанда да Э.Дүйсенқызы Шымкент департаментінде жұмыс істейтін М.Сарбасовқа ай сайын «пара беріп» тұрыпты-мыс.
М.Сарбасов бұл ақшаны Түркістан облыстық ҰҚК департаментінің қызметкерлеріне апарып берем деп алыпты-мыс. Э.Дүйсенқызының арызы бойынша, ол 2007-2020 жыл аралығында М.Сарбасовқа 365 млн теңге пара беріпті. Әрине, мұны дәлелдейтін бір факт жоқ, бәрі анда-санда куәлігін өзгертіп тұратын Э.Дүйсенқызының ауызымен айтылған сөз ғана.
2022 жылы Эльмира Дүйсенқызы өзінің «Риана» мектебіндегі жемқорлық бойынша сотқа тартылған. Әл-Фараби аудандық сотының шешімінде Э.Дүйсенқызының 280 млн теңге бюджет қаржысын жымқырағанын мойындағаны жазылған.
2022 жылдың басынан бастап Манат Сарбасов Қызылорда облыстық ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылдың сәуір айында ол тура сондай қызмет алып Шымкент қаласына оралды. Сол жылдың жазында М.Сарбасов басқарған ҰҚК-нің шұғыл әрекет ету тобы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың орынбасары Мақсұт Исаховты әкімдіктегі былық-шылықты жабу үшін 200 мың доллар пара беріп жатқан кезінде ұстады. Лауазымы жоғары мүдделі шенеуніктер М.Исаховтың ісін қаржы полициясының тергеуіне өткізуге мүдделі болған. Бұған М.Сарбасов қарсы шығып, М.Исаховтың ісін тергеуді және оны сотқа жеткізуді ҰҚК-нің Шымкент департаментінің құзырын алып қалды (2024 жылдың көктемінде М.Исахов 8 жыл 5 айға сотталды, соның артынша президент Қ.Тоқаев М.Әйтеновті қала әкімі қызметінен алып тастады).
«Замәкім» Мақсұт Исахов қамауға алынған соң, 2023 жылдың 11 қазанында ҰҚК-нің 7 қызметкерден тұратын тергеу тобы құрылып атышулы Эльмира Дүйсенқызының арызы бойынша М.Сарбасовтың өзіне қарсы қылмыстық іс қозғады. Бір жарым жыл тергеу жүрді, Э.Дүйсенқызы әркез М.Сарбасовқа қарсы жаңа айыптау арыз жазып үстемелеп келді. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Жоғарыда атап өткендей М.Сарбасовты айыптау Э.Дүйсенқызының жиі өзгеріп тұратын сөзіне ғана сүйенген. Осылайша кезінде Шымкент әкімінің орынбасары М.Исаховтың қылмыстық әрекетін әшкерелеп, атышулы істі сотқа жеткізуге күш-жігерін жұмсаған ҰҚК-нің офицері М.Сарбасовты бір ғана Э.Дүйсенқызының дәлелсіз сөзіне сүйеніп соттағалы жатыр. Мұны «Әділетті Қазақстан» құруды көздеген Ақорда біле ме екен?..
Журналист Ораз Әлімбектің facebook пaрaқшaсынан
<iframe src="https://www.facebook.com/plugins/post.php?href=https%3A%2F%2Fwww.facebook.com%2Falimbekoraz%2Fposts%2Fpfbid028jz6tE2DcSmWGeikUjn9YKJFQGgJnFniqbpfdf5E55kJJFX6vPEP7gFVvFm9iYdAl&show_text=true&width=500" width="500" height="250" style="border:none;overflow:hidden" scrolling="no" frameborder="0" allowfullscreen="true" allow="autoplay; clipboard-write; encrypted-media; picture-in-picture; web-share"></iframe>
Сіздің реакцияңыз қандай?






