«Су басқан өңірлерді үлкен экологиялық апат күтіп тұр» - Мәжіліс депутаты
Себебі, сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкелген.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай су тасқынына қатысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, су тасқыны талай былықтың бетін ашып берді.
«Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді. Қазір қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ. Тіпті, қауіптің көкесі әлі алда. Оның үстіне, тасқын су талай былықтың бетін ашты. Қамсыздықтың кесірінен тал қармауға шамамыз келмей қалды. Тек көңілге медет болатыны, сол баяғы халықтың ауызбірлігі ғана. Оған дәлел, Атырдаудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл. Міне, осы ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал, сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір облыс орталықтары айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Ал, бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті», - дейді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, су тасқан өңірлерді үлкен экологиялық апат күтіп тұр. Себебі, сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкелген.
«Мен осы жерде мына тазалық мәселесін де көтергім келіп отыр. Себебі, елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені, қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қаптар мен пакеттерден бөгет тұрғыздық. Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін.
Қазір ел бойынша «Таза Қазақстан» тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара Президент айтқандай; «Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт» емес пе! Себебі, қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау - тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті, - дейді депутат.
Сіздің реакцияңыз қандай?