Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің президентімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Мирьяна Споляричпен кездесті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейтарап мандат негізінде әрекет ететін Халықаралық Қызыл крест комитетінің бірегей сипатына тоқталып, гуманитарлық көмекті саясиландыруға болмайтынын атап өтті.
«Халықаралық Қызыл крест комитеті дүние жүзіндегі гуманитарлық ынтымақтастық жүйесінде аса маңызды рөл атқарады. Халықаралық құқық нормаларын нығайтуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз басқаратын Ұйым мен басқа да халықаралық беделді құрылымдар баршаға ортақ адамзат құндылықтарын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, бұл іс адамдар көмекке мұқтаж аймақтарда өте маңызды», – деді Президент.
Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастама көтерген алты мемлекеттің бірі саналады.
Бұл ретте соғыс кезіндегі адамгершілік тақырыбы бойынша жыл соңына қарай Иорданияда өтетін жоғары деңгейдегі Конференцияға дайындық мәселелері пысықталды.
Мирьяна Сполярич Халықаралық Қызыл крест комитетінің қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдардан бері еліміз бен Ұйым арасында қалыптасқан сындарлы диалог дәйекті түрде дамып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мирьяна Сполярич халықаралық және гуманитарлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Ұйым арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін растады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0