Замәкім Берденовтен «періште» жасауға асықпайықшы...
Жалған ақпарат таратты деп блогер Айгүл Орынбекті айыптау орынсыз
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовті «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиенбай атыпты деген ақпарат желіні «жарып» жатыр екен. Қылмыстық оқиға жөнінде кезекті пост жазған шымкенттік блогер Айгүл Орынбекті сонша неге айыптап жатырсыңдар, ФБ достар?!. Айгүлдің «Сайттарда тарап жатқан сөз рас болса, сауап болған екен. Біреудің әйеліне сексуалдық
түрде қол жүгірту не масқара?!» деп жазған посты үшін бе?!.
Берденовтің ішінен төмен жағын дәлдеп үш оқ атып үлгерген күдікті мұндай қылмыстық әрекетке қызғаныштан барғанын түгелге жуық БАҚ таң атпай жалаулатып жазды ғой. Соны жазған БАҚ-тың басым бөлігі биліктің саясатын қолдайтын ақпарат құралдары. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген ғой атам қазақ. Бұл ақпаратты күдікті алғаш тергеу кезінде шықты деп ойлаймын. Айгүл Орынбек сол БАҚ-тан оқыған ақпаратты «нәзік жанды» әйел адамға тән эмоциямен әлеуметтік желіде жазды. Сол үшін Айгүл Орынбекке кінә артып, блогерді күйлеудің қажеті жоқ. Әлде, Айгүл Орынбектен ала алмай жүрген өштерің бар ма?!.. Одан да күдіктінің адам өлтіруге әрекеттенуінің себебін – мотивін анықтайық та.
Әрине, тергеу орындары мен Руслан Берденовтің достары күдіктінің әйеліне замәкімнің қырындағаны жөніндегі ақпаратты теріске шығарып жанталасып жатыр. Олардың қатарында кәсіпкер Сырымбек Тау, экс-имам Қайрат Жолдыбай, Шымкенттің экс-замәкімі Шыңғыс Мұқан және басқалар бар.
Бұлардың бәрі психологияның «майын ерітіп ішкен» данышпан Фрейдтің «Ер жігіттің түбіне үш «А» жетеді» деген қанатты сөзін жоққа шығарғысы келеді. Сондықтан олардың да сөзіне сене қою қиын.
Мысалы, Ш.Мұқан Шымкентте замәкім боп тұрғанда келешегінен үміт күттірген қазақтың жас жазушы қызы Ая Мантай сексуал сипаттағы буллингке шыдамай асылып өлді. Оны суицид жасауға дейінгі психологиялық дағдарысқа жеткізген әкімдіктің жауапты шенеунігі деген болжам айтылған сол кезде. Ал Қайрат Жолдыбайдың Берденовтен «періште» жасауын замәкімнің намазхан екенімен байланыстырған шығар, сірә. Дегенмен, намазхан түгілі мешіт имамдары да «періште» емес екенін 2023 жылы көрдік. Астанадағы "Шейх Кунта қажы" мешітінің имамы Муслухиддин Надыров жамағатындағы бір әйелді Құранмен емдеймін деп қойын-қонышын сипалап қол жүгірткен бе,.. бірдеңе істеген әйтеуір. Әлгі әйелдің күйеуі қызғаныштың қызыл итіне еріп барып, әлгі имамды мешіттің ішінде пышақтап тастап, жансақтау бөлімен бір-ақ шығарды ғой... Сондықтан Қайрат Жолдыбайдың Берденов жөніндегі әдемі сөзі былайғы жұртқа онша өтімді болған жоқ.
Ал Сырымбек Таудың жанашырлығы белгілі. Ол және Руслан Берденов - құрыла салып парламенттен орын алған «Республика» партиясынан. Бұл жерде замәкімнің ғана емес, білдей бір партияның абыройын сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Замәкім Берденов Е.Жиенбайды «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшылыған 10 күн бұрын алып тастамақ болды, сондықтан ол соған ызаланып оқ атты» деген болжам сөздің аргументі нашар. Себебі ««Тұрғын үй Шымкенттің» басшысы соңы бес жылда 6 рет ауысыпты. Е.Жиенбайдың ЖШС-ға бастық болғанына 1 жыл да толмапты. «Қызмет пен ақша – қолдың кірі» емес пе, бүгін -бар, ертең -жоқ. Сондықтан ЖШС бастығының лауазымы үшін күдікті адам өлтірмек болды деген уәжге сену қиын. Оны айтайық, мұны айтайық, Берденовке қаратып үш оқ атып үлгерген күдіктінің қылмыстық әрекетке итермелеген мотиві сот процесі кезінде белгілі болады.
Оны күдіктінің өзі айтатын шығар... Күтейік.
Журналист Ораз Әлімбектің facebook пaрaқшaсынан