«Соққыға жықты»: Перизат Қайрат тергеушілер тарапынан қысым көргенін айтып, жылап қалды

Шілде 9, 2025 - 16:56
Шілде 9, 2025 - 17:10
«Соққыға жықты»: Перизат Қайрат тергеушілер тарапынан қысым көргенін айтып, жылап қалды
Фото: Azattyq Rýhy

Қайырымдылыққа деп жиналған 3 миллиард теңгеден астам ақшаны жымқырды деп айыпталып жатқан Перизат Қайратты тергеу изоляторының қызметкерлері ұрған. Бұл туралы айыпталушы Астанада басталған алдын ала сот тыңдауына жиналған журналистерге айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айтуынша, ұрып-соғу фактісі бойынша елорда прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған.

«Мен моральдық тұрғыдан әбден шаршадым, айналамда осыншама резонанс. Мені тергеу изоляторының қызметкерлері ұрғанын енді ашық айта аламын. Астана қаласының прокуратурасында қылмыстық іс қозғалды. Қазір жағдайым жақсы», - деді Перизат Қайрат журналистердің сұрағына жауап беріп.

Айыпталушы осы күнге дейін бірнеше рет өтініш жазса да, оған қоғамдық қорғаушы берілмеген.

«Осы күнге дейін қандай өтініш жазсам да, маған бірде-бір рет қоғамдық қорғаушы берілмеді. Бүгін мен туған анамды алғаш рет көріп тұрмын», - деген ол сот залында жылап жіберді.

Ал Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 14 шілдеде сағат 10:00-де басталады.

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримов қарап жатыр.

Судья қаулысымен сот отырысы ішінара жабық форматта өтетін болды – нақтырақ айтқанда, айыпталушыларды тергеу бөлігі жария түрде көрсетілмейді. Ал қалған процестік бөліктер – ашық түрде, көпшілік пен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.

Процесс аптасына екі рет – дүйсенбі және сейсенбі күндері жалғасады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow