АҚШ Иран кемесін суға батырып, 87 адам қаза тапты
АҚШ Иранның әскери кемесін батырып жіберді. Кеме ішінде қайтыс болғандардың саны 87-ге жетті. Иран да тыныш отырған жоқ. Түркия жерін, атап айтсақ, Инджирлик әскери базасын дрондармен атқылады, деп хабарлайды sadaq.kz "Астана" арнасына сілтеме жасап.
АҚШ Иранның әскери кемесін атып, суға батырды. Ол кеме Шри-ланка жағасына жақын бірақ, халықаралық суда жүрген. Сондықтан экипаж өзіне қауіп төнеді деп ойламаса керек.
Алдын ала ақпарат бойынша әскери кемеде 140 адам болған. Алғашқыда олардың барлығы із-түзсіз жоғалды делінгенімен, Шри-Ланка билігі 32 адамды құтқарып үлгергенін айтты. Ал АҚШ қорғаныс министрі мақтанышын жасыра алмай тұр.
"1996 жылы құрастырылған кемені 2026 жылы көзін жойдық. Иран теңіз күштері енді жоқ. АҚШ субмаринасы Екінші Дүниежүзілік Соғыстан бері алғаш рет торпеда қолданды. Егер кімде-кім бізді ашуландырса, біз өлтірмейінше тыныш таппаймыз", - дейді АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет.
Иран да тыныш отырған жоқ. Түркия аумағындағы Инджирлик базасына дрондармен атқылады. Бұған дейін Иранды толық қолдап, АҚШ пен Израиль әрекетін қатаң сынаған Режеп Тайып Ердоған түбегейлі ойын өзгертті. Ешкім зардап шекпегенімен, Түркия енді Иранға қарымта қайтарамыз деп ресми мәлімдеді.
"Түркия қашан да өз қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алады. Бұл жолы да әуе қорғанысы күштері өз міндетін абыроймен орындады. Қазір біз НАТО-мен кеңес жүргізіп жатырмыз. Содан кейін нақты жауап беруге дайынмын. Бірақ, қазір бір айтарым, бұл шабуылды жауапсыз қалдырмаймыз", - деді Ердоған.
Бұл соғыстың қарқынына риза тек Трамп. Осымен үшінші күн бір сөзді қайталап келеді. АҚШ президентінің айтуынша, Иран ядролық қаруға қол жеткізіп үлгергенде, Израильді бірден жойып жіберетін еді. Сондықтан асығыс шешім қабылдады-мыс.
"Бұл әскери операцияға 10 баллдан – 15 балл беремін. Біздің әскер тым күшті. Оның қуатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Иран көптеген жыл бойы баршамызға үлкен қауіп төндіріп келді. 47 жыл бойы бейкүнә америкалықтарды өлтіріп келді. Бәрі бізді сынағыш, әйтеуір. Бірақ олардың барлығы жасырын мені қолдап отыр. Сіздерге — өтірік, маған — шын", - дейді Трамп.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0