Ақтөбеде қызғалдақ ұстап фотоға түскен ауыл әкімін полиция тексеріп жатыр

Ақтөбе облысында Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаева полиция назарына ілікті. Ол қолына қызғалдақ гүлін ұстап, суретке түсіп, желіге салған, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Ауыл әкімінің бір уыс гүлмен түскен суреті Ақтөбедегі парақшалардың бірінде жарияланған. Желгі қолданушылары әкім ұстап түскен қызғалдақ гүлінің Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік екенін жазған.
Полиция желіге жүктелген суретке пікір білдірді.
«Ақпарат тексеріледі және құқықтық баға беріледі. Табиғатты қорғау инспекциямен суреттегі гүлдің Қызыл кітапқа енгені немесе басқа екені анықталады», деп жауап берді облыстық ПД.
Ал Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов қазір арнайы комиссия құрылғанын айтты. «Ауданда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілі бар. Сол комиссияда іс қаралады. Оның құрамында аудандық полиция бөлімінің өкілі де бар. Кейін ғана шешімін айтып, жауапқа тарта аламыз. Ол гүлді қыздары жұлып әкелгенін, фотоға түсіп, WhatsApp мессенджеріндегі статусына қойғанын айтып отыр», — деді Дархан Ермағамбетов.
Ал ауыл әкімінің өзі гүлдің күні кеше жұлынғанын мойындады. «Жұлуға болмайтынын білмедім» деп ақталған.
«Күні кеше түскен сурет. Демалыста балалармен далаға серуенге шықтық. Қандыағашқа қарай Жұрынның қасында трассаның бойында болдық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүлді танымайды екенмін. Мен оны жұлуға болмайтынын білген жоқпын. Басқа жақта Қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайтынын білемін. Елдің бәрі жұлып жатты. Ойымда ештеңе жоқ. Әйтпесе, міне, мен жұлдым, міне, суретке түстім деп нем бар», - дейді Ләззат Бердібаева.
Ләззат Бердібаева — 2024 жылдың 13 ақпанынан бастап Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі.
Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылдары қарайтын округте ұзын-саны 722 адам тұрады. Жерлестері Ләззат Бердібаева «онлайн әкім» деп сынайды. Айтуларынша, үнемі оқуда жүреді, ауылда көп болмайды.
Бұған дейін Түркістан облысының тұрғыны қызғалдақ жұлғаны үшін 11 млн теңгеден астам айыппұл арқалаған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?






