Балалар үйіндегі дау: Бақытжан Базарбек Тоқаевтан Алматы облысының әкімін қызметінен босатуды сұрады

Алматы облысы әкімдігінің «Бағанашыл» балалар үйі тәрбиеленушілерін Конаевқа көшіру әрекетіне байланысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкім Марат Сұлтанғазиевті отставкаға жіберуді сұрап, әлеуметтік желіде үндеу жасады.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, әкімдік балалар үйінің оқушыларын әдейі Парламент демалысқа кетіп, қоғам тарапынан бақылау әлсіреген тұста көшіруді ұйғарған. Ал Бақытжан Базарбек оқиға орнына барған.
«Неге бәрі жасырын жүріп жатыр? Құжаттар неге ашық жарияланбайды, қоғамдық кеңестерде талқыланбайды? Бұл өте көп сұрақ тудырады. Балаларды көшіру туралы айтылып жатыр, бірақ ол қандай негізде жүзеге асып жатыр? Қайда дәлел, қайда негіздеме?» – деді депутат.
Ол сонымен қатар Конаевтағы жаңа нысанның мемлекеттік органдардың балансында тіркелмегенін алға тартып, бұл заңсыздық болуы мүмкін екенін айтты.
«Егер бұл ақпарат расталса, онда балаларды ол жерге көшірудің өзі – заңсыз әрекет. Жер тіркелмесе, бәрі заңға қайшы. Мен бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаймын, бар шындықты анықтаймыз», – деді Базарбек.
Кейінірек әлеуметтік желідегі жазбасында Базарбек Президенттен Алматы облысының әкімін қызметтен босатуды сұрады.
«Балалар үйі айналасындағы бассыздық пен қоғамға берілген орындалмаған уәде үшін мен Президенттен Алматы облысының әкімін қызметтен босатуды сұраймын», – деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 21 шілдеде «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Конаевқа көшіру басталған. Бұл әрекетке балалар мен қоғам өкілдері қарсы шықты. Полиция күш қолданды, салдарынан бірнеше балаға медициналық көмек қажет болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көшіру тоқтатылып, балалар үйі Алматы қаласының балансына өтетін болды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады. Сонымен қатар Президент әкімшілігі бұл оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізетінін айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?






