Елордалық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды – БАҚ
Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 2016 жылы «Күн» субұрқағын салу кезінде қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Kozachkov offside Telegram арнасының жазуынша, ол нысанның ашылуы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орайластырылған. Алайда 2017 жылдан бастап субұрқақ апатты жағдайда тұр.
Тергеу барысында жобаға 1 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалғаны анықталды. Сонымен қатар Мәдениет басқармасы субұрқақ құрылысын мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз жүргізген. Оның жоба-сметалық құжаттамасы болмаған және мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
Кейін белгілі болғандай, нысан сапасыз материалдардан жасалғандықтан, көп ұзамай бұзылып қалған.
Тергеуге жауапты Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл іске сол кездегі Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының тікелей қатысы бар.
Тергеу аясында Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық нысанына, 2 автотұрағына және премиум-класты үйдегі пәтеріне шектеу қойылды.
Бұл іс бойынша күдіктілер қатарында субұрқақты салған мердігер компаниялардың өкілдері де бар. Олардың жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын мүлкі тәркіленді.
Сіздің реакцияңыз қандай?