«Қатты ұрысқаны әлі есімде»: Асанәлі Әшімовтің жары отбасылық өмірі туралы сыр шертті
Марқұм актер Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова «Время» газетіне берген сұхбатында отбасылық өмірінің естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ол ұлы дүниеге келер алдындағы жүктілік кезеңінде күйеуімен арада болған түсініспеушілікті де есіне алды. Бағдат Әшімованың айтуынша, ерлі-зайыпты шаңырақ көтергеннен кейін бес жыл бойы перзент сүймеген. Асанәлі Әшімов 70 жасқа толған тұста жарының аяғы ауыр екенін біліп, қуаныштан ерекше әсерге бөленген.
Алайда жүктіліктің соңғы айларында ерлі-зайыптының арасында түсініспеушілік туындаған. Бағдат Әшімова жолдасының әрекетін бастапқыда басқаша қабылдағанын айтады.
«Аяғым ауырлап, босануға жақындаған шақта, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында бізді түрлі орталар мен салтанатты жиындарға жиі шақырды. Бірақ Асекең мені ешқайда апармай, өзімен бірге алып жүруден бас тартты. Ол көз тиіп кете ме деп қатты қорыққан екен. Ал мен болсам “түрім бұзылып, семіріп кеткен соң менен ұялып жүр екен” деп ойлап, өкпелеп жылайтынмын. Ол мені жай ғана қауіптен қорғап жүргенін кейін түсіндім», – дейді жары.
Сондай-ақ ол жүктілігіне қарамастан жаңа үйдің құрылысын бақылауды да өз қолына алғанын еске түсірді.
«Біз ол кезде қонақүйде тұрып жаттық, себебі жер үйдің құрылысы жүріп жатқан. Барлық жұмысты өзім қадағаладым. Бір күні ішім қампиып тұрғанына қарамастан, салынып бітпеген ғимараттың үшінші қабатына дейін шығып кетіппін. Сол сәтте құрылыс басына келген Асекеңнің зәресі ұшып, маған қатты ұрысқаны әлі есімде», – деді Бағдат Әшімова.
Бағдат Әшімованың сөзінше, үйдегі ер адамдарға тән ауыр шаруалардың басым бөлігін өзі атқарған.
«Ол тұрмыстық мәселелерден мүлде хабарсыз еді. Тоқ есептегішті қалай өшіру керегін де, газ плитасын қалай жағуды да білмейтін. Розетка жөндеу, шүмек ауыстыру сияқты жұмыстардың бәрі менің мойнымда болды. Тіпті үйді де өзім салдым», – деді Бағдат Әшімова.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0