Мадагаскардағы наразылық: Президент елден қашып кетті

Мадагаскар президенті Андри Радзуэлина елден жексенбі күні Францияның әскери ұшағымен шығарылды, деп хабарлайды sadaq.kz сайты BBC-ге сілтеп.
Оппозиция жетекшісі Ситена Рандрианасолониайко президент әкімшілігінің қызметкерлеріне сілтеме жасап Reuters агенттігіне мемлекет басшысының елден кеткенін растады. Дүйсенбі күні кешке президенттің халыққа үндеуі жоспарланған еді, бірақ ол бірнеше рет кейінге қалдырылды. Кейін Мадагаскар көшбасшысы Facebook желісінде өзінің «қауіпсіз жерде» екенін хабарлады.
"Бүгін өз өмірімді сақтап қалу үшін паналауыма тура келді. Бірақ мұндай жағдайда да мен тығырықтан шығудың жолын іздеуді жалғастырамын", - деді ол өзінің орналасқан жерін айтпай.
Ол сондай-ақ елде тереңдей түскен саяси дағдарысты шешу үшін Конституцияны құрметтеуге шақырды.
"Бұл мәселелерді шешудің бір ғана жолы бар – бұл елдің қазіргі конституциясын құрметтеу", - деді ол тікелей эфирде.
RFI хабарлауынша, жексенбі күні тікұшақ Мадагаскар президентін Мадагаскардың шығыс жағалауында орналасқан Сент-Мари аралына жеткізіп, ол жерден француз әскери ұшағына мінген. RFI мәліметінше, президент Маврикий арқылы Дубайға барған болуы мүмкін.
Оның дереккөздерінің мәліметінше, Радзуэлинаны эвакуациялауға Франция президенті Эмманюэль Макрон санкциялаған.
Француз билігі Мадагаскардағы жағдайға араласпайтынын мәлімдеді. Ал Макронның өзі дүйсенбі күні кешке Мысырдан ұшар алдында тілшілермен сұхбатында Мадагаскардағы жағдайға алаңдаушылығын білдірді. Бірақ Радзуэлина француз билігінің қолдауымен эвакуацияланды деген ақпаратты растаудан бас тартты.
Gen Z Mada жастардың интернет-қозғалысы күнделікті су мен электр қуатының үзілуіне қарсы наразылық акциясын ұйымдастырды.
Мадагаскарда алғашқы наразылық акциялары 25 қыркүйекте басталды. Бастапқыда тұрғындар су мен электр энергиясының өшірілуіне қарсы шыққанымен, кейін бұл қозғалыс жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, сыбайлас жемқорлық және өмір сүру құнының өсуіне байланысты үкіметке қарсы кең ауқымды наразылыққа ұласты.
Қауіпсіздік күштері Мадагаскардың ірі қалаларында болды, ал полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ мен резеңке оқтарды қолданды.
БҰҰ мәліметінше, қақтығыс кезінде кем дегенде 22 адам қаза тапты, бірақ үкімет қаза тапқандар санын 12 адам деп есептеді. Барлық шеру кезінде президент Андри Радзуэлина наразылық білдірушілерді тыныштандыруға көптеген әрекет жасады, мысалы, өз үкіметін отставкаға жіберіп, жастармен диалогқа шақырды.
Сенбі күні ел астанасы Антананаривудің шетінде орналасқан әскери бөлімдердің кейбір сарбаздары казармаларын тастап, қала әкімдігі алдында жиналған демонстранттарға қосылды.
Осыдан кейін Радзуэлина әкімшілігі елде билікті басып алудың заңсыз және конституцияға қайшы әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеді. Ол «елді тұрақсыздандыру әрекетін» қатаң айыптап, елдегі барлық негізгі күштерді конституциялық құрылыс пен ұлттық егемендікті қорғау үшін бірігуге шақырды.
Бірнеше сағаттан кейін CAPSAT (әскери кадр және әкімшілік-техникалық қызметтер корпусы) деген атаумен белгілі армия бөлімшесі әскери қолбасшылықты өз қолына алғанын, енді ол құрлықтық, әуе және әскери-теңіз сияқты барлық әскери құрылымдарды басқаратынын мәлімдеген.
Андри Радзуэлина деген кім
Андри Радзуэлина – кәсіпкер және Мадагаскарды 2009 жылдан бері басқарып отырған бұрынғы диджей.
Ол сол жылы билікке келіп, сол кездегі президент Марк Раваломанануны әскери төңкеріс кезінде биліктен шеттетті. 34 жасында Радзуэлина Африканың ең жас көшбасшысы атанды.
Саясатқа келгенге дейін диджей болумен қатар, Радзуэлина бірқатар кәсіпорынды да басқарды.
2007 жылы ол Мадагаскар астанасы Антананариву қаласының мэрі болып сайланды.
Радзуэлина көбіне энергиясы мен науқандық стилінің арқасында тез танымал болды. Ол 2018 жылы және 2023 жылы оппозиция бойкот жариялаған даулы сайлауда қайта сайланды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






