Олжас Бектенов өзін «министрдің күйеу баласы» деген сыбысқа жауап берді

Премьер-министр Олжас Бектенов брифингте бұрынғы қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен туыстық қатынасы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Ел ішінде Олжас Бектенов экс-шенеунік Әділбек Жақсыбековтің күйеу баласы дейтін сыбыс тараған. БАҚ өкілдері үкімет басшысына осы жайт бойынша сұрақ қойып, ақпараттың шындыққа жанасатын-жанаспайтынын сұрады.
"Бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды. Менің қазіргі немесе бұрынғы шенеуніктермен туыстық байланысым жоқ. Ал кімнің күйеу баласымын дегенге келсек, қарапайым адамдардың, қарапайым жұмысшылардың күйеу баласымын", - деді ол.
Журналистер Бектеновтен қайын атасының аты-жөнін сұрағанда: "Сізге аты-жөндері не үшін керек? Жеке ақпаратты таратқым келмейді", – деп жауап берді ол.
Әділбек Жақсыбеков әр жылдары президент әкімшілігінің басшысы, индустрия және сауда, сондай-ақ қорғаныс министрі, Астана қаласының әкімі болып қызмет атқарған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






