«Тарихи құжат»: Египеттегі саммитте Газадағы бейбітшілік декларациясына қол қойылды

АҚШ президенті Дональд Трамп Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өткен саммитке қатысты. Газадағы соғысты аяқтау туралы жиынға Трамп Израильден ұшып келді. Сол күні 20 израильдік кепіл тұтқын босатылған.
Саммитке Трамп пен Египет президенті Абдул-Фаттах ас-Сиси төрағалық етті. Жиынға Германия, Франция, Түркия секілді 20-ға тарта елдердің басшылары қатысты. Олардың ішінде араб және ислам мемлекеттері де бар. Ресей шақырылмады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху шақырту алған, бірақ Симхат Тора еврей мерекесіне сілтеп, саммитке барудан бас тартқан. Қатысушылар арасында Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббас болды.
Саммит алдында Трамп Египет президентімен екіжақты кездесу өткізіп, жиынға келген басшылармен жеке-жеке қысқаша сөйлесіп шықты.
Осыдан соң АҚШ, Катар, Египет және Түркия елдерінің басшылары Газадағы және Таяу Шығыстағы бейбітшілік туралы декларацияға ресми түрде қол қойды. Израиль мен ХАМАС (АҚШ пен Еуроодақ террор ұйымы деп таныған) тобы арасындағы келісім осы елдердің араағайындығымен жасалған.
"Барлығы да Үшінші дүниежүзілік соғыс Таяу Шығыста басталады деген, бірақ бұл жүзеге аспайды" деді Трамп келісімді "тарихи" құжат деп атап. "Таяу Шығысты ақыры бейбітшілік орнады".
Трамп өз сөзінде соғыс кезінде әбден қираған Газа елдімекендерін қалпына келтіру кезеңі басталып жатқанын айтты. Ал Египет президенті бұл тақырыпқа арнап халықаралық конференция өткізетінін мәлімдеді. Саммит қорытындысы бойынша қандай да бір келісім жасалмады. 13 қазан күні кешке Трамп Египеттен ұшып кетті.
Израиль мен ХАМАС тобы атысты тоқтату, ХАМАС екі жылдан астам уақыт бойы ұстап отырған кепіл тұтқындарды босату, Израиль әскерінің Газадан шегінуі жайлы келісім келген. Бірақ әзірге Газаны кім бақылайтыны және ХАМАС-тың қарусыздануға келісер-келіспесі белгісіз. Палестина аумағындағы жер мәселесі де толық шешілмеген.
Трамп ұсынған жоспар бойынша, ХАМАС қарусыздануы керек (ұйым бұл қадамға бармайтынын айтып отыр) және Газаны өтпелі палестиналық үкімет басқарады. Ал ол үкімет саясатқа қатысы жоқ технократтардан тұрмақ. Мұны АҚШ пен араб елдері және өзге де халықаралық әріптес елдер бірлесіп құратын тұрақтандырушы күштер қамтамасыз етеді.
Егер ХАМАС келісімнен бас тартса, тұрақтандыру күштер осы жоспарды "террордан азат жерлерде жүзеге асырмақ". Әзірге Израиль де, ХАМАС та Трамп жоспарына толық келісетінін айтпады.
Ақырғы келісім әлі жасалмағанымен, АҚШ президенті дүйсенбі күні Израиль Кнессетінде сөйлеген сөзінде соғыс аяқталды деп санайтынын мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






