Трамп пен Зеленскийдің АҚШ-тағы кездесуі жанжалға ұласты

Наурыз 1, 2025 - 09:13
Трамп пен Зеленскийдің АҚШ-тағы кездесуі жанжалға ұласты
Фото: Saul Loef

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ-тағы кездесуі жанжалға ұласты. Кездесу кезінде екі ел президенті сөз таластырып қалған. Салдарынан келіссөздер ойдағыдай өткен жоқ.

УНИАН басылымы Зеленский, Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасында тікелей эфирде дау туындағанын жазады. Бұған дейін келіссөздер алдында екі ел президенті БАҚ сұрақтарына жауап берген.

Украина президенті Путинмен келісу мүмкін еместігін жеткізген.

"Оны ешкім тоқтатқан жоқ. Біз онымен көп мәрте сөйлестік, көп. Мен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойдым. Бұдан ары ешкім бармайды деп сендірді мені. Мұнда қандай дипломатия туралы айтуға болады? Қандай?", - деп сұрады ол.

Ди Вэнс Украинада қазір соғыста ер адамдар жетпей жатқанын сөз етті.

Оған жауап ретінде Зеленский "Сіз тіпті Украинада болмаған адамсыз", - деп жауап берді. 

Зеленский соғыс кезінде кез келген елде үлкен проблемалар болатынын айта келе, тіпті АҚШ-та да проблема болуы мүмкін екенін ескертті.

Оның бұл сөзіне Трамп араласып: "Біз не сезінуіміз мүмкін екенін бізге айтпаңыз. Біз сіздердің проблемаңызды шешуге тырысып жатырмыз. Өз ұстанымыңызды бізге тықпалаудың қажеті жоқ. Бізге нұсқауға еш құқығыңыз жоқ", - деп мәлімдеді Трамп.

АҚШ президенті Зеленский АҚШ-қа риза болуы керектігін, қолында қажетті картаның жоқтығын, сондықтан "ананы қалап тұрмын, мынаны қалап тұрмын" деп айта алмайтынынын ескертті. Оған Украина президенті АҚШ-қа "карта ойнау үшін келмегенін" атап өтті.

"Страна.ua" басылымының жазуынша, Трамп әлем "үшінші дүниежүзілік соғыс алдында тұрғанын мәлімдеген.

 "Мұны ойыншық қыла алмайсыз. Сіз біздің елге құрметсіздік танытып отырсыз. Бізге не істеу керектігін айтатын сіз емес. Біз сізге 350 млрд долларды қару түрінде, жабдық түрінде бердік. Қолдарыңызда біздің қару болмаса, бұл соғыс екі аптадан соң аяқталар еді", - деді Ақ үй басшысы.

Басылым бұдан соң тек Трамп сөйлегенін жазады.

"Келісімге қол қоямыз, болмаса кетеміз", - деді соңында Трамп.

Ары қарай қос президенттің әңгімесі БАҚ-сыз жалғасқан. Артынша Трамп Зеленскиймен баспасөз конференциясын болдырмай тастады.

Украина делегациясы Ақ үйден кетті. Бұл туралы Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. 

"Бүгін Ақ үйде аса маңызды кездесу өтті. Біз көп нәрсені білдік, мұны басқа жағдайда түсіну мүмкін емес. Мен президент Зеленский Американың қатысуымен бейбітшілік орнатуға дайын емес деген қорытынды жасадым, себебі біздің бұл іске араласуымыз Зеленскийге артықшылықтар беретінін ол түсінеді. Ал маған артықшылықтар керек емес, маған бейбітшілік керек. Ол АҚШ-қа құрметсіздік танытты.Ол бейбітшілік орнатуға ниет танытқан кезде, қайта келе алады", - деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow