2,6 млн еуро желге ұшты: Семейде қоқыс сұрыптау жобасын прокуратура тексеріп жатыр
Абай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Семейде қоқысты сұрыптау және бөлек жинау жобасына қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы басталған жобаны қала әкімдігі мен Экология министрлігі қолға алды. Алайда жобаны іске асыру кезінде қиындықтар туындады.
"Шетелдік компания 2,6 млн еуроның құрал-жабдықтарын жеткізген. Бірақ әкімдік өз міндеттемелерін орындамай, жабдықтарды орналастыратын ангарды салмаған. Соның салдарынан қымбат құрал-жабдықтар екі жылдан астам пайдаланылмай, ашық жерде сақталды. Бұл оның бүлініп, кепілдігінің жоғалуына әкеліп соқты", — делінген хабарламада.
Осыған байланысты прокуратура ҚР ҚК-нің 371-бабы 1-бөлігі (салақтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Әкімдік те жобаны аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында баласына 44 млн теңге алимент төлемеген адам Ресей азаматтығын алып алғаны хабарланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?