Жаңа ереже: Автомобиль мен жылжымайтын мүлік тіркелгенге дейін ақша бұғаттаулы тұрады
Автомобиль мен жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде нысан сатып алушының атына тіркелгенге дейін ақша бұғаттаулы тұратын механизм іске қосылмақ.
Жаңа жоба туралы Үкіметте өткен қаржы саласына цифрлық теңгені енгізу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында айтылды.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта пилоттық режимде іске қосу мақсатында біраз жоба пысықталып жатыр.
Атап айтар болсақ:
Цифрлық ҚҚС:
ЭШФ жүйесінің цифрлық теңге платформасымен интеграциясы жүргізіліп жатыр. Пилотты кеңейту 2025 жылдың соңына дейін орындалады.
«Қауіпсіз мәміле» жобасы: ІІМ мен ЖИЦД министрлігі автомобиль үшін ақша қайта тіркелгенге дейін бұғатталатын механизмді сынақтан өткізіп жатыр. Іске қосу мерзімі – 2026 жылғы сәуір. Дәл осындай механизмді жылжымайтын мүлік мәмілелері үшін қолдану жоспарланып отыр.
Қымбат медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде және ірі өнеркәсіптік нысандарды салуда цифрлық теңгені қолдану.
"Цифрлық теңге ерекшеліктерінің бірі – бағдарламалау мүмкіндігі, яғни оның жұмсалуына белгілі бір шарттарды қоюы. Автокөлік мәмілелеріне де аталған ерекшелікті қолдану көзделіп отыр. Демек, сатып алушы сатушының реквизиттері бойынша цифрлық теңгемен төлем жасау үшін қаражатты бағдарламалап, оны сатушыға жібереді. Бұл ретте сатушы қаржыны автокөлік құралы мемлекеттік деректер базасында сатып алушының атына тіркелгеннен кейін ғана пайдалана алады. Тағы бір артықшылығы, мәміле клиент пен түрлі банктер арасында қолжетімді болады. Осылайша, бұл құрал тұтынушыларға ыңғайлы болып, уақыт үнемдеуге көмектеседі және автокөлік сатып алу мәмілелерін қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қолма-қол ақша алу немесе банкке бару қажеттілігін жояды, - делінген Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сіздің реакцияңыз қандай?