«Елестер қоршап алады»: ұшақтар тылсым жайтқа тап болып жатыр
Осының алдында ғана ресейлік курорт-қаладан шыққан ұшақ та елестердің қоршауында қалған.
Башқұртстаннан Өзбекстанға ұшып шыққан "Уфа-Ташкент" рейсі мамандар тілінде "фантом белгілер" деп аталатын құбылысты байқаған, деп жазады inbusiness.kz порталы.
"2025 жыл 9 қаңтар күні, күндіз ұшып шыққан "Уфа-Ташкент" ұшағы фантомды белгілерге жолыққан. Ұшақ биікке көтерілгеннен кейін, 3000-5000 фут биіктік аралығында әуе көлігінің экипажы айнала қоршаған 5 нысан туралы хабарлады. "Авиаинцидент" телеграм-арнасының мәліметінше, радарда олардың өзге ұшақтар екені көрсетілген. Алайда, диспетчерлердің айтуынша, шынында бұл рейстің қасында басқа бірде-бір ұшақ болмаған. Ұшу профилі де өзгермеген", – деп жазды "Башинформ" мемлекеттік ақпарат агенттігі.
Содан экипаж да, ресейлік құзырлы органдар да "Шұғыл" ("Срочность") және "Апат" ("Бедствие") сигналдарын жарияламапты.
Ресей ақпарат құралдары бұл әуе көлігінің эксплуатант-иесі "ЮТэйр" авиакомпаниясы екенін еске салды.
"Уфадан Ташкентке бет алған ұшақты елес әуе көліктері қоршап алды. "Уфа-Ташкент" рейсінің командасы тосын, тылсым оқиғаға тап болды. Ресейлік Utair компаниясының ұшағы "биіктік жинап", жоғары самғай бастағанда ұшқыштар аспаптық панельде түсініксіз көрсеткіштер пайда болғанын байқайды. Олар әуе көлігінің дәл қасында 5 ұшатын объект келе жатқанын қайта-қайта көрсетумен болған", – деп хабарлады өзбектің Podrobno.uz жаңалықтар агенттігі.
Аспаптардың дерегінше, елес нысандар ұшақтан тура 1,5 шақырым қашықтықта, онымен қатар, параллельді курспен ұшып келе жатқан.
"Бұл аспандағы авиаапат қатерін туғызуы мүмкін еді. Алайда терезеден сыртқа үңілген ұшқыштар жақын жерде ұшқан басқа ұшақтарды таба алмады. Олармен келіссөздерінде жердегі қызметтер, диспетчерлер де олардың маңында өзге ұшақтардың барын жоққа шығарды. Қорытындысында, экипаж командирі елес-фантомдарды елемеуге және рейсті әрі қарай жалғастыруға шешім қабылдады. Дабыл қағудан да бас тартылған. Нышандар "фантом" деп танылды", – деп мәлім етті Podrobno.uz.
Бір ғажабы, сарапшылар мұның Ресейде осы айда болып отырған алғашқы инцидент еместігіне назар аудартты. Атап айтқанда, осының алдында ғана ресейлік курорт-қаладан шыққан ұшақ та елестердің қоршауында қалған.
"Аэрофлоттың" еншілес ұйымы болып табылатын "Победа" бюджеттік авиакомпаниясы өкілдерінің мәліметінше, осы әуе тасымалдаушысының Сочиден Уфаға бет алған ұшағы ұқсас оқиғаға ұшыраған. Сол жолы аспаптар әуе көлігінің айналасында бірден 10-нан аса объектінің қатар "қалқып" келе жатқанын көрсетіпті.
"2025 жылдың 4 қаңтарында "Сочи-Уфа" ұшағы "фантомдарға" жолықты. Сочиден Уфаға жетіп, қонуға ден қойғанда айналасында фантомдық белгілер қаптап кеткенін жанұшыра баяндады. 3000 футтық биіктікте экипаж өкілдері "ұшақтардың әуеде бір-бірімен соқтығысуының алдын алу жүйесінің индикаторы" дабыл қағып жатқанын, өздерінің жанында тосыннан 10-нан астам нысан пайда болғанын мәлімдеді. Белгісіз ұшақтардың үшеуі – борттың астында, тағы бесеуі – сол жақта болған. Бірнешеуі ұшақ айналасында бірде туындап, бірде жоғалып кетіп отырды", – деп хабарлады ресейлік Aviaincident арнасы Росавиациядағы дереккөздеріне жүгініп.
Дәл сол кезде ол аумақтағы барлық биіктіктерде басқа ешқандай ұшақ болмаған. Өйткені қазіргі кезде Ресей әуе кеңістігі арқылы ұшатын азаматтық авиацияның саны күрт азайып кетті, тым сирек.
Сондықтан әуе көлігі қонуға төмендеуін жалғастырды және онысы табысты жүзеге асты.
Бұдан бұрын, 2 қаңтарда ресейлік ақпарат құралдары Мәскеуден, "Шереметьево" әуежайынан аттанған ұшақ та дабыл сигналын жолдағанын жазды.
Белгілі болғандай, бұл ұшақтың аспаптары мен жүйелері аспанда өзге әуе көлігімен соқтығысу қаупі төнгенін хабарлап, дабыл қаққан.
Сондай-ақ журналист Инсаф Хужабиргановтың жазуынша, ұшақ экипажы сол жағында, 2 және 15 миль қашықтықта өздеріне қарай 3-тен 9-ға дейінгі ұшақтар қаздай тізіліп, қатар ұшып келе жатқаны туралы құлағдар етті.
Жердегі қызметтер аталған ауданда басқа әуе көліктерінің жоқтығын мәлімдеді. Сол себепті бұл ұшақтың командасы да діттеген әуежайына ұшуын жалғастырған.
Бұл жаңалықтар солтүстік көршінің жұртшылығы арасында алаңдаушылық туғызды. Пікір білдірушілердің бір тобы мұны "ұшатын тәрелкелер" деп топшыласа, бір бөлігі "украиналық дрондар" деп жорыды.
2024 жылдың 25 желтоқсансында германиялық Bild украиналық инженерлердің А-22 "Летучая лисица" (Foxbat) қос орындықты коммерциялық ұшақты 1,2 мың шақырымнан алысқа, Ресей астанасы Мәскеуге дейін жете алатын соққылаушы беспилотникке айналдырғанын мәлімдеді.
"Мұндай қияға тіпті еуропалық ең үлкен қашықтыққа ұшатын Taurus қанатты зымыраны да жете алмайды. Бұған қоса, бұл – әлемге белгілі украиналық ең үлкен дрон-камикадзе. Ол өзімен бірге 200 келі жарылғыш затты алып ұша алады. 1996 жылдан бері украиналық Аэропракт компаниясы осы модельдің 1 мыңнан астам данасын жасап шығарды. Украиналық әскерилер оларды қаруға айналдыру туралы шешімді 2024 жылы қабылдады", – деп жазды Bild.
Бірақ азаматтық ұшақтарды әскери дрондардың қоршап алғанын ресейлік азаматтық авиация мамандары да растамай тұр.
Жалпы, "фантомды объектілер" немесе фантом белгілер деген ұғым бұрыннан қолданылады. Олар радарларда, ұшақтардың соқтығысуының алдын алушы жүйелерде көрініс беретін, бірақ шынайы кеңістікте бақыланбайтын "жалған нысаналарды" білдіреді.
Сарапшылардың болжамынша, олардың туындауына электрлі-магнитті ақаулар, жабдық жұмысындағы бұзушылықтар, немесе сигналдарды өңдеудегі айырмашылықтар себеп болуы мүмкін.
Мұндай "елес" құбылыстар әуе көлігіне нақты қатер төндірмейді. Алайда шешім қабылдауда, әуе қозғалысын басқаруда жаңылыспау үшін мұқият талдауды талап етеді.
Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, фантомды объектілер өте сирек кездеседі және олардың басым көпшілігін техникалық ақаулар құрайды. Ал, Ресейде мұндай оқиғалардың жиілеп кетуі тек олардың ғана емес, соның үстімен ұшатын өзге елдердің азаматтық авиациясын да мазаласа керек.
Сіздің реакцияңыз қандай?