Kaspi банк қызметкерлері адамдарды ұрлап, оларға несие рәсімдеген

Ақмола облысының прокуратурасы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде банктік несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты істің аяқталғанын хабарлады.
Қылмыстық топтың құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен 25 адам кірген.
Олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері мен бірқатар банктің («Kaspi Bank», «ForteBank», «Еуразиялық банк», «Jusan Bank») қызметкерлері бар. Топ мүшелері 5 жылдан астам уақыт бойы алаяқтықпен айналысқан.
Жалпы 348 азамат қылмыстың құрбаны болды. Келтірілген шығын көлемі – 3,7 млрд теңге. Тергеу барысында Алматы қаласындағы пәтерлер, жер телімдері, қымбат көліктер мен қолма-қол ақшалар тәркіленді. Олардың жалпы құны 2,7 млрд теңгеге бағаланды.
Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық іс процесс қатысушыларына танысуға берілді. Қорытынды шешімді сот қабылдайды.
Прокуратура азаматтарды алаяқтарға сенбеуге шақырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






