Украина: Сумыда Ресейдің зымыран шабуылынан көз жұмғандар саны 30-дан асты

Сәуір 14, 2025 - 10:42
Украина: Сумыда Ресейдің зымыран шабуылынан көз жұмғандар саны 30-дан асты

Жексенбі, 13 сәуір күні Ресей күштері Украинаның Сумы қаласына жасаған екі зымыран шабуылынан кемінде 34 адам (екеуі бала) қаза тауып, 115 адам жараланған. Украинаның Төтенше жағдайлар қызметі осындай ақпарат таратты. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккендер арасында 15 бала бар. Қаланың орталығында троллейбус зымыран шабуылы астында қалған.

Жараланған жетпіске жуық адам ауруханада жатыр, сегізінің жағдайы ауыр деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі. 

"Ресейліктер Сумы қаласына атқан екінші зымыранның жарықшақ элементтері көп болған және ол қала көшелеріндегі адамдарды неғұрлым көбірек жою үшін әуеде жарылған сыңайлы. Алдын ала қорытынды бойынша, бейбіт адамдардың көбінің ажалы әлгіндей жарықшақтардан болған", – деп жазды Сумы қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Кривошенко. – [Екінші] жарылыс бірінші [зымыран] түскен жерден шамамен 200 метр қашықта, тұрғын үйлер, оқу орындары мен дүкендер орналасқан маңда болды. Террористердің мұндай іс-қимылы шабуылдар дәл сол азаматтық нысандар мен көшедегі бейбіт адамдарға қарсы жоспарланғанын көрсетеді".

Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы Ресей күштері 13 сәуірде Украинаның Сумы қаласына "Искандер-М" тектес екі зымыран атты деп хабарлаған. Шабуылды Ресейдің Воронеж облысында жайғасқан 112-зымыран бригадасы және Курск облысы аумағынан 448-зымыран бригадасы жасаған.

"Ресей нақ осындай террорды қалайды және бұл соғысты созып келеді. Агрессорға қысым жасамайынша, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Баллистикалық зымырандар мен авиабомбалар ешқашан әңгімеге тоқтаған емес", – деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-арнасында.

Дереккөз : Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow