Жасөспірімдер Олимпиадасы: қазақстандық боксшылардың жартылай финалдағы қарсыластары анықталды
Ширек финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Ақнұр Тұрсынғали, Марал Төлепберген және Бибарыс Әшірбай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан жартылай финалға шыққан спортшылардың есімдері белгілі болды. Бұл кезеңде ел намысын үш спортшы қорғайды.
Ширек финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Ақнұр Тұрсынғали, Марал Төлепберген және Бибарыс Әшірбай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Үшеуі де кем дегенде Олимпиаданың қола медалін қамтамасыз етті.
Ақнұр Тұрсынғали 57 келіге дейінгі салмақта Украина өкілі Евангелина Петрукпен қолғап түйістіреді. Марал Төлепберген 54 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында өзбекстандық Сабрина Чакомановамен кездеседі. Ерлер арасында Бибарыс Әшірбай 70 келіге дейінгі салмақта мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерреспен жұдырықтасады.
Айта кетейік, жартылай финал бүгін, 11 қарашада өтеді. Күндізгі сессия Астана уақытымен 17:00-де басталса, кешкі сессия 22:00-ге жоспарланған.