АҚШ-тағы жағдайдан кейін Еуропа елдері Украинаға көмекті күшейтті
Қарыз Ресейдің тәркіленген активтерінен түскен пайда есебінен қайтарылмақ.

Ұлыбритания Украина армиясын қолдау үшін несие берді
Ұлыбританияның Қазынашылық канцлері Рэйчел Ривз пен Украина қаржы министрі Сергей Марченко Украина армиясын қолдауға арналған 2,26 миллиард фунт стерлинг (шамамен 2,8 миллиард доллар) көлеміндегі несиелік келісімге қол қойды, деп жазады Deutsche Welle. Бұл қаражат Украинада қару-жарақ өндіруге жұмсалады. Қарыз Ресейдің тәркіленген активтерінен түскен пайда есебінен қайтарылмақ.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл әділ шешім екенін айтып: Соғысты бастаған ел төлеуі керек” – деп мәлімдеді.
Норвегия Украинаға қаржылай көмекті арттырады
Норвегия үкіметі Украинаға көрсетілетін қаржылай көмекті ұлғайту үшін парламентке өтініш жолдайды.
Бұл туралы елдің премьер-министрі Йонас Гар Стьоре мәлімдеді.
2025 жылы Норвегия Украинаға 3,12 миллиард доллар көлемінде әскери және гуманитарлық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. 2023-2030 жылдар аралығында бұл сома 13,8 миллиард долларға жетуі тиіс.
Макрон Украинаға жүздеген миллиард еуро көлемінде қолдау уәде етті
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуроодақтың 6 наурызда өтетін саммитінде Украинаға жүздеген миллиард еуро көлемінде қаржылай көмек беру жоспары қаралатынын айтты.
Бұл – біздің қауіпсіздігіміз үшін маңызды шешім. АҚШ-тың қолдауын сақтап қалу үшін Еуропа бар күшін салуы керек” – деді Макрон.
Германия Киевке әскери көмекті тездетуді талап етті
Германия Сыртқы істер министрі Анналена Бербок Германия парламентін Украинаға арналған 3 миллиард еуро көлеміндегі әскери көмекті тез арада мақұлдауға шақырды.
Экономика министрі Роберт Хабек те бұл көмектің кідіріссіз берілуі тиіс екенін атап өтті:
“Украина бейбіт тұрғындарды қорғауға қабілетті болуы керек. Еуропа бұл елді ешқашан тастап кетпейді” – деді ол.
Бүгін, 2 наурызда, Ұлыбританияда Украина мәселесіне арналған саммит өтеді. Оған Украина президенті Владимир Зеленский, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, сондай-ақ Франция, Германия, Италия, Польша, Испания, Канада және басқа да елдердің басшылары қатысады.
Саммитте Киевтің қорғаныс қабілетін нығайту, Украинаға ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдіктерін беру, Тұрақты бейбітшілік орнату мәселелері талқыланады. Сондай-ақ НАТО мен Еуроодақ өкілдері де кездесуге қатыспақ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






