Ауғанстанда әйелдерді ұрып-соғу ресми түрде заңдастырылды
Ауғанстанда билік басындағы «Талибан» үкіметі әйелдер мен балалардың құқықтарын түбегейлі жойып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты заңды деңгейге көтерген жаңа Қылмыстық кодексті күшіне енгізді. Бұл құжат қоғамдағы ер адамдардың әйелдер мен балаларға қатысты кез келген қатал әрекетін «тәрбие құралы» ретінде ақтап отыр. Бұл туралы халықаралық мониторинг деректеріне сүйене отырып Sadaq.kz хабарлайды.
Кодекстің 32-бабында ер адамның әйелін таяқпен ұрып-соғуына қатысты нақты норма жазылған. Егер күйеуі әйеліне ауыр жарақат салса, ол тек 15 тәулікке ғана қамалады. Оның өзінде әйел сотта бұл жарақатты ері салғанын дәлелдеп шығуы тиіс. Ал егер ұрудың ізі (көгеру немесе сыну) қалмаса, ер адам ешқандай жауапқа тартылмайды. Бұл іс жүзінде үй ішіндегі озбырлыққа мемлекеттік рұқсат берумен тең.
34-бап бойынша, егер әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз ата-анасының үйіне кетіп қалып, қайтып оралмаса, ол 3 айға түрмеге жабылады. Бұл жаза тек әйелге ғана емес, оны күйеуіне қайтарудан бас тартқан туыстарына да қолданылады.
Кодекстің 30-бабы мұғалімдер мен ата-аналарға балаларды жазалауға жол ашады. Онда тек сүйек сынуына немесе терең жарақатқа әкелетін соққыларға тыйым салынған. Ал баланың психикасына зақым келтіретін немесе денесіне із қалдырмайтын өзге де қатал соққылар мен қорлау әрекеттері қылмыс деп есептелмейді.
Ең сорақысы, 2026 жылғы кодексте «құл» (раб) ұғымы ресми түрде қайта енгізілген. 15-бап бойынша құлдарға бөлек жаза қарастырылса, 4-бап қожайынға өз құлын дене жазасымен жазалауға рұқсат береді. Сондай-ақ, жазаның ауырлығы адамның әлеуметтік мәртебесіне байланысты: «төменгі тап» өкілдері түрмеге жабылып, дүре соғылса, «жоғарғы тап» өкілдері тек ескертумен құтылуы мүмкін.
Халықаралық сарапшылар бұл өзгерістерді «гендерлік апартеид» деп бағалап отыр. 2026 жылғы жаңа ережелер әйелдер мен балалардың сот арқылы өзін қорғау мүмкіндігін толық жойып, оларды қоғамнан мүлдем оқшаулап тастады. Бүгінде Ауғанстанда әділдік емес, күштінің құқығы орнап тұр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0