«Ауызашарда дұғаны арабша айтса қабыл бола ма»: Нұрлан имам жауап берді (ВИДЕО)

Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы ертең, яғни наурыздың 1 не басталады, деп хабарлайды sadaq.kz.
Осы ретте ауыз ашарда дұғаны арабша жасау міндетті ме? Бұл сұраққа «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, желі қолданушыларының арасында «хит имам» атанып кеткен Нұрлан Байжігітұлы өзінің Instagram парақшасында жауап берді.
«Ауызды бекітіп, ашқанда неге дұға оқимыз? Біріншіден, осыны түсініп алайық. Пайғамбарымыздың хадисінде ауыз ашқан кезде бір дұға қабыл болады деп келген. Сонда сол дұғам қабыл болар ма екен деп еліне, жақындарына, отбасына, отанына, баршамыз маңайымызға дұға жасайық. Өзіңіз ойлаңызшы, миллиондаған адамдар дұға жасаса, көптің батасы көл демей ме қазақ халқы. Ал, енді дұғаны арабша жасау міндетті емес. Біздің өзіміздің қиыры көрінбейтін, терең мағыналы, әр сөзінде нәрі мен нұры төгіліп тұратын тіліміз бар. Сол сөздерімізбен қазақша айта беріңіздер. Тілектеріңіз қабыл болсын. Бекіткен кезде ниетті жүректен жасаса жеткілікті, бірақ ауызбен айтқан сауапты болады», — дейді Нұрлан имам.
Өз сұрақтарына жауап алған желі қолданушылары имамға алғыстарын жаудыруда.
«Ұлтымызды, тілімізді бұзбайтын осындай имамдар көп болсын. Алла разы болсын!», «Бәрекелді, өте дұрыс. Алла бәрімізді әртүрлі етіп, бөлек ұлты қылып жаратты. Сондықтан өз тілімізде дұға жасағанымыз дұрыс деп есептеймін», «Ия, қазақша айтсақ тілегіміз жүректен шығады ғой», «Осы кісіге Алла разы болсын, барлығын өте жақсы әрі жеңіл түсіндіреді», — деп жазды олар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?






