Астанадағы дәмханада аспаздың үстіне қайнап тұрған май төгіліп кетті

Астанадағы дәмханалардың бірінде қызметкердің арқасына қайнап тұрған май төгілген. Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнежазбада мейрамхана қызметкерінің қайнап тұрған майы бар ыдысты көтеріп келе жатып, сүрінгені көрінеді.
Сол сәтте ыдыстағы май басқа қызметкердің арқасына төгілген. Кейін әлеуметтік желіде зардап шеккен бойжеткеннің ауыр күйік алғаны, арқасы іріңдеп жатқаны және оған тері ауыстыру қажет болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.
Threads желісіндегі жазба авторы Shaurma Food басшылығы осы жағдайға қатысты жауапкершілік алудан бас тартып отыр деп мәлімдеген.
«Оның бүкіл арқасы іріңдеп жатыр. Ал компания жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл сұмдық. Мүмкін, тері ауыстыру қажет шығар», – делінген Threads-та тараған жазбада.
Алайда компания өкілдері бұл ақпарат шындыққа жанаспайды дейді.
«Оқиға расымен бір айдан астам уақыт бұрын болған. Біз бірден медициналық көмек көрсеттік. Бойжеткеннің ата-анасымен жолығып, еміне қажетті өтемақы төледік», - делінген мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған ресми түсініктемеде.
Сіздің реакцияңыз қандай?






