«Депутаттар қайтыс болған жақындары мен таныстарына, көрші-қолаңдарына көңіл айтып жіберсе де артықтық етпейді» - Ауыт Мұқибек
Халық қалаулылары Мәжіліс төрінде аяқ киімін шешіп қойып еркін рахаттанып отыратын, жақындарын құттықтайтын халга жетті.

Мәжіліс пен сенат бұл дәстүрді жалғастыруы керек!
Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Өзіңіз жақсы білесіз, біздің қазақтың арасына кең тараған «Әбіштің анасы» деген ұғым бар.
Атақты Әбекең — Әбіш Кекілбайұлы да кезінде осы Парламентті басқарды, депутат та болды.
Бірақ, Әбіш аға анасының туған күнін Парламент төрінен құттықтай алмай кетті.
Сол ардақты Әбекеңе бұйырмаған мүмкіндік Ардақ Назаровқа бұйырыпты, міне, бүгін Сіз басқарып отырған Мәжілістің депутаты Ардақ Назаров Мәжіліс төрінен өзінің анасын туған күнімен құттықтады.
Біреулер Ардақ Назаровты сынап, мінеп, келеке қылып жатқан көрінеді. Олай етуге мүлде болмайды! Оның бұл әрекетін кешегі әкесін ұрып өлтірген қайуанға берген жауабы деп қабылдаған дұрыс!
Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Жақсының жақсылығын айта білуіміз керек, Нұрлан Нығматуллиннің кезінде жетім бала құсап жаутаңдап қалған депутаттар Сіз төраға болып келгелі кіновканы бірден басып, көсіліп сөйлейтін болды. Енді, міне, тағы бір адым алға басып, Халық қалаулылары Мәжіліс төрінде аяқ киімін шешіп қойып еркін рахаттанып отыратын, жақындарын құттықтайтын халга жетті.
Әрине, бұл — Сіздің кең пейілдігіңіз бен дархандығыңыздың арқасында болып отырған жетістік.
Алла бұйырса, алда бұдан зор жетістіктер болатынына көзіміз жетіп тұр…
Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Енді Сізге өтініш:
Депутаттардың ата-анасының, жары мен балаларының, құда-қүдағиының, тіпті дос-жарандарының… туған күндерін осында — Мәжіліс төрінен құттықтап отыру бастамасын ары қарай жалғастырып, бұл тамаша дәстүрді қалыптастырып жіберсеңіз жақсы болар еді демекпін!
Тіпті, депутаттар туыстары қайтыс болған жақындары мен таныстарына, көрші-қолаңдарына көңіл айтып жіберсе де артықтық етпейді.
Егер, Парламент төрінен жақындарының туған күнін құттықтау ары қарай жалғасын тауып жатса, бұл — Ерлан Қошанов қалыптастырған дәстүр ретінде тарихқа алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз!
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзаға да осы өтінішті айтар едім!
Ең жақсысы, туған күн иелерін Парламентке алдырып, Өз қолыңызбен бір шоқ гүл сыйлап, бір шапан кигізіп жіберсеңіз, тіпті керемет болар еді!
Ең кереметі, Мәулен Сағатханұлымен ақылдасып, осы дәстүрді «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Регламентіне» енгізіп кетсеңіздер, Алаш жұрты Сізге алғысын жаудырары сөзсіз…
Ал, Ардақжан, анаңыздың туған күні құтты болсын! Жамбыл атамыздың жасына жетсін!!
Қоғам белсендісі Ауыт Мұқибектің facebook парақшасынан
Сіздің реакцияңыз қандай?






