Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен біртуар қаламгер - Аида Балаева

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабековтың қазасына орай күллі қазақ еліне көңіл айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
"Қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын. Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды. Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық. Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей", деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Министр қаламгердің өлшеусіз туындылары уақытпен бірге жасай беретінін жеткізді.
"Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!", делінген Балаеваның жазбасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?






