«Есімі – Айгүл»: «МузАрттың» бағын ашқан «Сенің көзің» әнінің прототипі кім?

Қазан 21, 2024 - 11:51
«Есімі – Айгүл»: «МузАрттың» бағын ашқан «Сенің көзің» әнінің прототипі кім?

"Музарт" триосы – бүгінде қазақ эстрадасындағы ең танымал топтардың бірі. Ал аталмыш ұжымды халыққа танытқан "Сенің көзің" әні еді. Сонау 2001 жылы әп-сәтте мыңдаған тыңдарман жүрегін жаулаған туындының кейіпкері кім? Хиттің жарыққа шығуына қандай махаббат хикаясы түрткі болған? KAZ.NUR.KZ тілшісі осы әннің авторымен сұқбаттасып, шығу тарихын білді. 

"Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,

Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман..."

Жастайынан Мұқағали Мақатаевтың романтикаға толы өлеңдерін жатқа білетін әуесқой сазгер Қанат Ибрагимов 1989 жылы ақиық ақынның "Сенің көзің" деп аталатын өлеңіне әуен шығарған. Ол кезде жас өнерпаз 9-сыныпта оқитын бозбала еді. Бала махаббат, кіршіксіз сезім, сүйген қызыңа сырттай ғашық болу... Бұл – автордың сол сәттегі жан-дүниесінің жай-күйі.

"Бір ғана әдемі қыздың бейнесін сондай қылып суреттеу деген керемет дүние ғой. Құдіретті сөз. Мұқағалидың осы өлеңі қатты ұнады. Ол кезде ән деген нәрсенің бәрі махаббаттан басталатын еді ғой. Бірақ ол заманда мына әнді атақты әншіге беріп, ел алдына шығарсам деген ой жоқ, керісінше кейіпкердің, яғни сүйген қызыңның құлағына жеткізу басты мақсат еді. Бұл әннің кейіпкері бар, оның есімі – Айгүл, ол қыз менен екі жас кіші. Алғашқы махаббат қой. Менің сазгерлік қырымды ашқан сол қыз деп айтуға толық негіз бар. Ол қыз өзіне ән арнағанымды біледі. Махаббат баянсыз болды, біз қосылған жоқпыз", - дейді Қанат Ибрагимов.

"Сенің көзің" әнін "Музарт" тобына дейін сазгердің қатарластары мен достары ауылдағы отырыстарда, сауық-кештерде, өз ортасында орындаған. Кейін бұл туындының танымалдылығы артып, жас сазгер республикалық телевизиядан шақырту алады.

 "Бір күні 1993 жылы телевизияда "Кеш жарық" деп аталатын бағдарламада өзім орындап шықтым. Роза Рымбаева да қатысты, ән шырқады. Ол бағдарламада тек жаңа әндер орындалатын. Ол кезде өнерде, әншілікті оқып жүрген студенттерде "Романтик" деген магнитофон болатын. Теледидардың қасына қойып, әнді кассетаға көшіріп алатын. Одан кейін өздері отырыстарда айтатын. Осылайша "Сенің көзің" әні алматылық студенттерге тарап кетті", - дейді сазгер.

Бұл ән Алматыдағы өнерге жақын жастардың арасында да кеңірек танылып, 2001 жылы "Музарт" тобы шырқады. Бірақ әуесқой композитор Қанат Ибрагимов үшін бұл туындынының авторы өзі екенін дәлелдеу оңайға соқпапты.

"Бір күні Алматының шеткі ауданында орналасқан кафеде қонақ боп отырсам, сол жердегі музыканттар осы әнді айтып отыр екен. Сосын қасымдағы балаға "мынау менің әнім" деп айттым, ол сенбейді. Сосын әлгі музыканттардан бұл әнді қайдан алғандарын сұрадық. Сөйтсек олар Сәкен Майғазиевтің інілері екен. "Сәкен, Мейрамбек, Мақсат деген ағаларымыз топ құрып, солар орындайтын ән" деді. Сол сәтте Сәкеннің, Мейрамбектің телефон нөмірін алып, соларға хабарласып, бұл менің әнім екенін айттым. Олар әнді білгенімен, авторын таппаған. Сол кезде Талғат деген жігіт "Музарт" тобына "Бұл менің әнім, авторы мен" деп иемденіп, бере салған ғой. Содан кейін 1993 жылы телевизияда орындаған архив видео бар ғой, сол бейнежазбаны көрсеттім. Бұл менің әнім екенін солай дәлелдедім", - дейді "Сенің көзің" әнінің авторы.

Дәл осы оқиғадан кейін Қанат Ибрагимов "Музарт" тобымен жақынырақ танысып, сол кездесуде әнші жігіттер сазгерге сырын ақтарыпты.

 "Мақсат Базарбаев, Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев топ құрамыз деп, бұған дейін 1-2 әнді жазып көрген екен, бірақ аса таныла қоймаса керек. Кейін осы "Сенің көзің" әнін жазып көрейік, шықса шықты, шықпаса әркім өз жолымен кетеді" деп өздері жоспар құрған. Ол кезде Мейрамбек елге танымал, Мақсатты "Бауыржан шоу" театры арқылы халық біледі, Сәкен де әншілікке келіп жатқан кез. Сосын "Сенің көзің" әні шыққан кезде жан-жақтан шақырту көбейіп, топтың танымалдығы артқан. Ән халыққа өтті деген сөз. Автор ретінде айтарым, "Музарт" тобы болмағанда бұл ән осылай хит болмас еді деп ойлаймын. Сәкеннің өзі де айтады, сол "Сенің көзің" әні хит болғаны соншалық, 90 минуттық аудиокассетаның екі жағына да осы әнді жазып, тыңдап жүрген қыздар да болыпты. "Сенің көзің" әні "Музарт" тобының төлқұжаты болса, бұл ән менің де сазгер ретінде төлқұжатыма айналды", - деп сөзін түйіндеді композитор Қанат Ибрагимов.

Айта кетейік, сазгер Қанат Ибрагимовтың әндерін "Музарт" тобынан бөлек, халық әртісі Мақпал Жүнісова, әнші Төреғали Төреәлі, Әбдіжаппар Әлқожа, Жігер Ауыпбаев, Мақсат пен Мақсат дуэті сынды отандық эстраданың жұлдыздары шырқап жүр. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow