Иран Израильге тыңшы болды деген күдікпен бес адамды өлім жазасына кесті

Иранда Израильмен байланысы бар деген күдікке ілінген 700-ден астам адам ұсталды. Бұл туралы мемлекеттік ақпарат құралдары жазған, деп хабарлайды sadaq.kz сайты Azattyq Rýhy порталына сілтеп.
Иран билігі 5 адамды «Моссад агенттері» деп атап, өлім жазасына кесті. Оның үшеуі сәрсенбі күні таңертең дарға асылған.
«Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін сионистік режимнің шпиондық желісі елде ерекше белсенділік танытуда», - деп жазады ирандық Fars News агенттігі.
«Мизан» агенттігі дарға асылған үш адамның есімдерін жариялады. Идрис Әли, Азад Шоджай және Расул Ахмад Расул Түркия шекарасына жақын Урмия қаласында өлтірілген. Сондай-ақ, Мохаммад-Амин Махдави Шайстех пен Маджид Мосайби жексенбі мен дүйсенбі күндері өлім жазасына кесілген.
Тегеран шетелдік барлау қызметтеріне, оның ішінде «Моссадқа» жұмыс істеді деп күдіктенген агенттерді қамауға алып, өлім жасасына кесіп жатқанын үнемі хабарлап отырады.
FT дереккөздері ұсталғандардың көпшілігі Иран мен Ауғанстан азаматтары екенін, олардың арасында жүк көліктерінің жүргізушілері мен жұмыссыз адамдар көп екенін айтады. Иран билігі «Моссад» агенттері Израильдің әуе шабуылдарына жерден барлау деректерін беріп, дрондар компоненттерін, жарылғыш заттарды және басқа да диверсиялық құралдарды контрабандалық жолмен елге кіргізді деп отыр.
Айта кетсек, Моссад - Израильдің сыртқы барлау және арнайы операциялар қызметі. Оның толық атауы - «Моссад ле-Модиин у-ле-Тафкидим Мейухадим. Бұл ұйым әлемдегі ең құпия және беделді барлау қызметтерінің бірі болып саналады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






