Қазақстанда утилизация алымы жойыла ма – министр жауабы
Құрылыс министрі халықтың пікірі ескерілетінін айтты, бірақ...
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалымға қарсы онлайн петицияға қатысты пікір білдірді.
Қазір онлайн петиция сайтында утильалымды жою бойынша 49,5 мыңнан астам адам қол қойған. Оған 50 мың адам дауыс берген жағдайда, Үкімет аталған мәселені қарастыруы тиіс.
«Тиісті деңгейде дауыс жинаған петицияны Үкімет міндетті түрде қарастырып, өзінің шешімін шығаруы керек. Сондықтан оған жеткілікті деңгейде қол қойылса, заңда белгіленген тәртіпте Үкімет адамдардың талаптарын талқылайды. Осының аясында жұмыс топтары құрылып, оны қарастыруға Парламент депутаттарын шақырамыз», - деді Қ. Шарлапаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда ол ұжымдық талқылау аясында петицияға қатысты Үкімет өзінің шешімін жариялайтынын айтты.
«17 мамырда утильалымға қарсылық білдіріп жүрген адамдармен кездестім. Олармен осы тақырыпта пікір алмастық. Қазір 49 мыңнан астам осы петицияға қол қойған екен. Жалпы, елімізде автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өнеркәсіпте де осыншама адам жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыдағы шешімдерді жан-жақты пысықтаған жөн. Екі тараптың көзқарастары қарама-қайшы болса, мәселені шешу үшін заңнамалық тетіктер бар. Бұл тұрғыда петиция нәтижесінде Үкімет осы мәселені қарастырады деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір тағы да қайталап айтамын, біз қазір утильалымды қайта қарастыруды жоспарлап отырған жоқпыз», - деді министр.
Сіздің реакцияңыз қандай?