«Кінәлілер жазаланады»: Путин тәжік баланың қазасына байланысты көңіл айтты
Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға Мәскеу маңындағы мектепте тәжікстандық баланың өлтірілуіне байланысты көңіл айтты.
Ресей президенті кінәлілердің міндетті түрде жазаланатынына уәде берді.
“Кездесуімізді бірнеше күн бұрын қаза тапқан тәжікстандық баланың отбасына және сізге шынайы көңіл айту сөздерінен бастағым келеді. Балаларға қарсы жасалатын терактілер – аса жиіркенішті қылмыстар. Тергеу сөзсіз соңына дейін жеткізіліп, кінәлілер толық көлемде жазаланады", – деді Путин.
Ресейдің Мәскеу облысында мектепте болған шабуыл салдарынан 10 жастағы тәжікстандық оқушы көз жұмған еді.
Оқиға 16 желтоқсанда Одинцово қалалық округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успен орта мектебінде болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 10-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келіп, алдымен күзетшіні жаралаған, кейін газ баллонын шашып, бастауыш сынып оқушыларына шабуыл жасапты. Соның салдарынан 4-сыныпта оқыған Кобилджон Әлиев алған жарақаттарынан көз жұмды.
Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны «ұлт араздық негізіндегі шабуыл» деп бағалап, Ресейдегі елшісін шақырып, ресми нота тапсырды.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі қайғылы қазаны объективті түрде тергеуді талап етті. Ведомствоның мәлімдеуінше, олар ұлттық араздыққа негізделген шабуыл сол жерде қаза тапқан тәжік азаматы Әлиев Кобилджонға қарсы қасақана жасалған деп айыптайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0