Халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы қазақстандық Таиландта ұсталды
Әзірге қазақстандықтың елге нақты қашан экстрадицияланатыны белгісіз.
Таиландтың Пхукет аралында Интерполдың халықаралық іздеуінде жүрген 24 жастағы қазақстандық ұсталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ол Қазақстан бюджетіне 560 миллион теңгеден астам шығын келтірген қаржылық қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген. Таиландтың MGR Online басылымының жазуынша, Қазақстан елшілігі мен Интерпол жергілікті көші-қон қызметіне күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны ұстау жөнінде өтініш білдірген.
Тергеу мәліметінше, жас жігіт сыбайластарымен бірге жалған құжаттар арқылы 20-дан астам жалған компания тіркеген болуы мүмкін. Олар қаржы қаражатын заңдастыру, қолма-қол ақшаға айналдыру және салықтан жалтару үшін пайдаланылған деген болжам бар.
Құқық қорғау органдарының есебінше, бұл әрекеттер мемлекетке 560 833 701 теңге көлемінде залал келтірген.
Күдіктінің Таиландта жүргені анықталған соң, 3 қарашада полиция оны Пхукет аралының Патонг ауданындағы жатақханалардың бірінен тапқан. Құжаттарын тексеру кезінде оның Интерпол іздеуіндегі Қазақстан азаматы екені расталды.
Сондай-ақ оның Таиландта болу мерзімін заңсыз асырғаны белгілі болды. Ол елге 2026 жылғы 4 наурызда кіріп, визасының мерзімі 2 мамырда аяқталғанына қарамастан, елден шықпаған. Нәтижесінде рұқсат етілген мерзімнен 185 күн артық жүрген. Әзірге қазақстандықтың елге нақты қашан экстрадицияланатыны белгісіз.