Маңғыстаудағы трагедия: 300-ден астам адамнан жауап алынды
14 әскери қызметшінің қазасына қатысты тергеу аяқталуға жақын
Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады Бас прокуратура.
Ведомствоның мәліметінше қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді.
"Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.