Астана – Петропавл тасжолында жол апатынан үш адам көз жұмды
Алдын ала мәлімет бойынша, апат Toyota Camry көлігінің жол қоршауына соғылуынан басталған.
Астана – Петропавл тасжолында бірнеше көлік соқтығысып, үш адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында Петропавл қаласындағы №2 емхана қызметкері Айгүл Жуандыкова мен оның жұбайы бар, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Qazaqstan Media мәліметінше, жол апаты 1 қараша күні кешке Макинск қаласының маңында болған. Ерлі-зайыпты елордаға қызымен кездесуге келіп, кейін үйлеріне қайтып бара жатқан.
Айгүл Жуандыкова №2 емханада химияландырушы болып жұмыс істеген. Әріптестері оны мейірімді, ақжарқын әрі өз ісіне жауапты маман ретінде еске алды. Медициналық мекеме ұжымы марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат Toyota Camry көлігінің жол қоршауына соғылуынан басталған. Кейін оған Kia Rio мен Chevrolet Cobalt көліктері соқтығысқан. Алайда Toyota Camry-ден түсіп, жол үстінде тұрған жүргізуші мен жолаушыны Geely көлігі қағып кеткен. Екі әйел де оқиға орнында көз жұмды.
Апаттан зардап шеккен бес адам ауруханаға жеткізілген. Кейін олардың бірі жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Қазір полиция жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.