Лувр мұражайы қайта ашылды

Франция астанасы Париждегі әлемге әйгілі Лувр музейі жұмысын қайта бастады.
Жексенбі күні таңғы уақытта белгісіз бір топ ұры Луврға небәрі төрт минутқа кіріп, баға жетпес зергерлік бұйымдарды қолды қылған. Оқиға музейдің ең әдемі және ең көне залдарының бірі – Аполлон галереясында болған.
Төрт минутта жасалған ұрлық
Франция Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қылмыскерлер Сена өзенінің жағалауына жүк көтергіш көлікті қойып, терезені бұзып кірген. Олар екі витринаны қиратқан соң, бірнеше зергерлік бұйымды алып, мотоциклмен қашып кеткен. Дабыл жүйесі іске қосылғанымен, күзет жеткенше ұрылар із суытқан.
Министр Жеральд Дарманен бұл оқиғаны "елдің беделіне нұқсан келтірген ауыр соққы" деп атады. Оның айтуынша, жүк көтергішті қоғамдық жолда еркін пайдаланған ұрылардың әрекеті қауіпсіздік жүйесіндегі елеулі олқылықтарды әшкереледі.
88 миллион еуро тұратын қазына
Ұрланған сегіз жәдігердің ішінде XIX ғасырдың француз патшайымдары Мария-Амелия мен Гортензияға, сондай-ақ Наполеонның екінші жұбайы ханшайым Мария-Луизаға мен Евгенияға тиесілі әшекейлер гауһар және изумруд тастармен безендірілген алқалар мен сырғалар, сондай-ақ Евгенияның атақты гауһар басқа тағатын тәжі бар.
Париж прокуроры Лора Бекконың айтуынша, бұл бұйымдардың жалпы құны шамамен 88 миллион еуроға бағаланады.
Бұл сома олардың тарихи құндылығын көрсете алмайды. Егер ұрылар тастарды бөліп алып, металды балқытса, олар көп нәрседен айырылады, - деді Лора Беккон.
Қазір тергеу ауқымы кеңейіп жатыр. Төрт күдікті анықталғанымен, ешкім ұсталмаған. Ұрланған бұйымдардың бірі 1300-ден астам гауһар тастармен безендірілген ханшайым Евгенияның тәжісі кейін музей маңынан табылған. Ол зақымданған, бірақ қалпына келтіруге болады.
Қауіпсіздік жүйесі сынға қалды
Бұл оқиға Луврда қауіпсіздік жүйесін қайта құру кезеңінде орын алды. Биыл қаңтар айында Франция үкіметі музейлердегі күзет пен камера жүйесін жаңартуды бастаған болатын.
Мәдениет министрлігі жаңа бақылау орталығы мен кеңейтілген бейнебақылау желісі орнатылып жатқанын мәлімдеді. Алайда сарапшылардың пікірінше, жексенбідегі ұрлық қызметкерлердің аздығы мен бақылаудың теңсіздігін көрсетіп берді.
Соңғы айларда Лувр қызметкерлері бірнеше рет жұмыс жүктемесі мен туристердің шамадан тыс көптігіне наразылық білдірген. Маусым айында болған ереуіл кезінде музей ашылу уақытын кейінге шегеруге мәжбүр болған еді.
Қазір Луврдың негізгі экспозициялары Милостық Венера мен Самофракиялық Ника сияқты әйгілі мүсіндер қайта ашылған. Алайда Аполлон залы әзірге жабық.
Луврдағы бұл оқиға француз қоғамын қатты дүр сілкіндірді. Көпшілік мұны 2019 жылғы Нотр-Дам соборындағы өртпен салыстырып отыр. Екі жағдайда да сөз – тек мәдени мұра жайында емес, ұлттық намыс пен тарихи жад туралы болып отыр.
baq.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?






