Францияда автобус апаты: бала мен жасөспірім қаза тапты
Францияның шығысында мектеп оқушылары мінген қалааралық автобус жолдан шығып, ағашқа соғылды. Салдарынан бір бала мен бір жасөспірім қаза тауып, 16 адам жарақаттанды.
Францияның шығысындағы Лант қаласы маңында 7 қараша күні таңертең мектеп оқушылары мінген автобус апатқа ұшырады. Салдарынан бір бала мен бір жасөспірім қаза тауып, 16 адам жарақаттанды, оның үшеуі ауыр халде. Бұл туралы BBC, ABC News және France 24 хабарлады.
Автобус Лион мен Бург-ан-Бресс қалаларының арасында қатынап, Лант қаласында жолдан шығып, шұңқырдағы ағашқа соғылған. Бург-ан-Бресс прокуратурасының мәліметінше, автобуста 43 жолаушы болған, оның 15-і балалар. Жүргізуші ауруханаға жеткізілді, әлі жауап алынбады.
Лант қаласының мэрі Ив Кристен BFM TV-ге берген сұхбатында: «Апаттан бірнеше минут өткен соң жеттім, адамдар есеңгіреп қалды», – деді. Ол сондай-ақ ауа райы туралы: «Аздап тұман болды, жол дымқыл еді, бірақ елеулі қиындықтар болған жоқ» деп қосты.
Францияның білім министрі Эдуард Жеффре апатқа ұшырағандар арасында оқушылар бар екенін растап, «Балаларымыз осындай апаттардың құрбаны болғанда, бұл әрқашан қиын сәт» деді. Оқиға орнына 100-ден астам өрт сөндіруші жіберілді, ауыр жарақат алғандарды арнайы ауруханаға жеткізу үшін медициналық тікұшақтар пайдаланылды.
Тергеу басталды
Францияның көлік министрі Филипп Табаро оқиға орнына барды. Аймақ басшысы Фабрис Паннекук әзірге апаттың нақты себебі туралы айтуға ерте екенін мәлімдеді. Құтқарушылар жапа шеккендерге көмек көрсету үшін жергілікті әкімдік ғимаратын ашты.