Молдова президентінің кім болатыны екінші турда анықталады

Алдын ала мәліметтер бойынша, дауыс берген азаматтардың 37 пайыздан астамы қолдау білдірген Майя Санду алда келеді.

Қазан 21, 2024 - 10:42
Қазан 21, 2024 - 10:44
Молдова президентінің кім болатыны екінші турда анықталады

Молдовада президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Алдын ала мәліметтер бойынша, оған қазіргі президент пен бұрынғы бас прокурор өткен. Сайлаумен қоса өткен референдумның алдына ала нәтижесіне сәйкес, Молдова азаматтарының көбі елдің Еуропа Одағына қосылуына қарсы болған.

Жексенбі, 20 қазан күні Молдовада өткен президент сайлауындағы бюллетендердің 88 пайыздан астамы саналғаннан кейінгі алдын ала мәліметтер бойынша, дауыс берген азаматтардың 37 пайыздан астамы қолдау білдірген Майя Санду алда келеді.

Елдің бұрынғы бас прокуроры, қазірге кезде сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалану баптары бойынша тергеліп жатқан Александр Стояногло 29 пайыз дауыспен екінші орында тұр. Осы екеуінің қайсысы президент болатыны сайлаудың екінші кезеңінде анықталады дейді бақылаушылар.

Үшінші орындағы Бельцы қаласының бұрынғы мэрі Ренато Усатый 14 пайыздан аз дауыс жиған.

Биылғы президент сайлауына барлығы 11 саясаткер түсті.

Осы жолы президент сайлауымен бірге өткен Молдованың Еуропа одағына қосылу мәселесі жөніндегі референдум бюллетендерінің 88 пайызға жуығы саналды. Оның алдын ала нәтижесіне сәйкес, дауыс беруге қатысқан Молдова азаматтарының шамамен 54 пайызы елдің Еуропа Одағына қосылуына қарсы болса, 46 пайызы Еуроодаққа кіруді қолдаған.

Жексенбі күні Молдовадағы президент сайлауы мен референдумға дауыс беруге 1,5 миллионнан астам адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 50 пайыздан көбі қатысқан.

Бұған дейін бақылаушылар Сандумен бірге сайлаудың екінші турына Стояногло шығуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Стояноглоны оппозициялық Социалистік партия қолдап отыр. Партия жетекшісі, Молдованың бұрынғы президенті Игорь Додон бұл сайлауға түскен жоқ, ол жақтастарының бәрін Стояноглоға дауыс беруге шақырған. Алайда социалистер өз кандидатын қолдауға басқа ешбір партияны көндіре алмады.

Додон сияқты, Стояногло да бірнеше іс бойынша қылмыстық тергеуге тартылған, ал бірнеше ісі сотта қаралып жатыр. Бұрынғы президент сыбайлас жемқорлық пен мемлекетке опасыздық қылмыстарына араласы бар деп айыпқа қалса, бұрынғы бас прокурорға сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Екеуі де бұл істердің саяси астары бар, ол істер президент Сандудың нұсқауымен ашылған деп мәлімдеген. Санду мұны жоққа шығарды.

Молдова билігі, бірқатар Батыс елі, соның ішінде АҚШ, сайлауға дейін Ресей Молдовадағы саяси науқанға араласып отыр және бұған елінде сырттай сотталған, қазір шетелде тұратын молдовалық кәсіпкер Илан Шордың қатысы бар деп мәлімдеген.

Promo-LEX миссиясының бақылаушылары дауыс беру процесі кезінде мыңнан астам заң бұзу фактілері болғаны туралы хабар алған. Оның 200-ден астамы расталған. Олардың басым бөлігі дауыс беру құпиялығына, соның ішінде сайлаушылар жіберген қатеге байланысты болған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow