Өскеменде 600 миллионға жөнделген көпір қирап қалды

Өскеменде 600 миллион теңгеге жөнделген көпір тағы опырылып түсті. Үлбі өзенін жалғайтын өткел осымен екінші рет қирап қалды, деп хабарлады КТК арнасы.
Шнайдер көпірінің маңына қазір ешкімді жолатпайды. Өткел ортасынан қақ бөлінген. Елу жыл бұрын салынған нысанның тіреулері тозып, әбден мүжіліп біткен. Оған қоса, соңғы күндері өзен көтеріліп, су деңгейі алты метрге жетіпті. Құлаған көпір сол жердегі су құбырының үстіне түскен. Ол тесіліп, қазір жақын маңдағы ықшам аудан тұрғындарын сумен қамту үшін резев желіге қосылды.
Бір қызығы, Шнайдер көпірін екі жыл бойы жөндеген. Оған бюджеттен 600 миллион теңге бөлініпті. Қазір сол жөндеу жүргізген компания өкілдері көпірді қайта қалпына келтіріп жатыр.
«Өскемен қаласындағы үш айналма жолдағы Шнайдер көпірінің асты шайылып кетіп құлады. Өзен деңейі қатты көтерілген. Қазір жергілікті ауқымда төтенше жағдай қабылдадық. Бұл көпірді жуық арада, қысқа мерзімде қалпына келтіреміз», - дейді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев.
Сіздің реакцияңыз қандай?






